Халқының біртауар ұлының есімін ұлықтап, тәуелсіздік жолындағы ерен еңбегін дәріптеу мақсатында «Мұстафа Шоқай - Алаштың алып тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Оған Төлен Әбдік, Қойшығара Салғарин, Көшім Есмағамбетов, Амантай Шәріп, Әнес Сарай, Сұлтанәлі Балғабаев сынды зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен саясаткерлер қатысып, тұщымды ойларын ортаға салды.
Зиялы қауымның басын қосқан айтулы шараны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып: « Мұстафа Шоқай – кез-келген ірі тарихи құбылыс секілді біржақты сипаттауға болмайтын, үйреншікті қалыпқа салуға келмейтін тұлға. Ол сол замандағы аса күрделі ғаламдық тарихи процестің бел ортасында, қайнаған ортасында жүріп, өз ұлтының мүддесін қорғауға тырысты»,-деді Қ.Көшербаев.
Конференцияға қатысушылар Шоқай туралы көптеген тың деректерге қанықты. Мысалы, Шоқайдың «Яш Түркістан» журналын шығарғаны белгілі болғанымен, «Түркістан» атты журналдың алты нөмірін шығарғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Сондай-ақ, неміс тұтқынынан ортаазиялық ұлттар өкілдерін босату жұмыстарымен қатар, өлімге кесілген 80 грузинді ажалдан арашалап қалған. Бұл деректерді естіген грузин халқының зиялы қауымы Шоқай тұрған үйге естелік тақта орнатыпты. Конференцияда сөз сөйлеушілер тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Солардың қатарында Қызылорда қаласында ескерткіш орнату, Шоқай орталығын құру туралы басталар айтылды, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдішігің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, осы шара аясында қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың туып өскен жері Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында жаңадан 240 орындық мәдениет үйі ашылып, алдына қайраткердің бюсті қойылды.