13 қазан күні сағат 16.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында «Әдемі-ай» компаниясының «Зергерлік өнер» көрмесінің ашылуы өтеді.
Зергерлік қолөнерлік бұйымдар Қазақ хандығының тұсында да ерекше орын алды. «Зергерлік өнер» көрмесіне «Әдемі-ай» өнер музейінің жинағынан антиквар зергерлік бұйымдар қойылған.
Белгілі жинақтаушы, өнертанушы Бахаргүл Төлеген «Әдемі-ай» өнер музейін 2011 жылы құрған. Қазіргі таңда қоры мыңнан аса, музей экспозициясынан біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырлардағы Құшан патшалығы дәуіріндегі археологиялық артефактілерді және ҮІ-ХІІ ғасырларға жататын сирек кездесететін тарихи туындыларды көруге болады.
Көрмеге «Әдемі-ай» ұлттық кәдесый компаниясының Қазақ хандығының 550-жылдығына арнайы жасаған қолданбалы-сәнді өнер бұйымдары да ұсынылған. Компания тарихи-мәдени құндылық және ұлттық дәстүрді 13 жылдан бері дамытумен айналысып келеді.