Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасында «Бабадан қалған байтағым» атты ақындар айтысының бас жүлде иегері Әсем Ережеқызы қонақ болды.
«Ақтөбеде өткен айтыс - Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық дода. Еліміздің түкпір-түкпірінен 9 ақын, Ақтөбе өңірінен 9 ақын қатысты», - деді ол.
Бағдарлама барысында айтыскер ақын шәкірттері туралы да айтты.
«Қыркүйек айында Алматыда өткен республикалық айтысқа шәкіртім Бибігүл Тілеболдинова қатысты. Сондай-ақ, Айсәуле Бейсенхан менен тәлім алады. Алдыма келіп, кеңес сұраған жастардан көмегімді аямаймын», - дейді Әсем Ережеқызы.
Сондай-ақ, ол қазіргі жас айтыскерлерге көңілі толатынын, олардың айтысқа деген құлшыныстары ерекше екенін айтып өтті.
Ал, айтыстан жеңілген кездегі көңіл-күйі туралы былай дейді: «Жеңу мен жеңілу де шартты нәрсе болып барады. Біз сөзден жеңілмеуге тырысамыз. Өйткені айтысқа дайындықпен барамыз. Тек кейде қазылардың бағалауы әртүрлі болады. Бірақ айтыстан бәйге алмасам да, ренжімеймін».
Әсем Ережеқызы сұхбатын толығырақ «Таңшолпаннан» тыңдаңыз.