Бас мүфтидің батасын алып, 1 мың адам қажылыққа аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас мүфтидің батасын алып, 1 мың адам қажылыққа аттанды

14.09.2015
Бас мүфтидің батасын алып, 1 мың адам қажылыққа аттанды

Игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Сауд Арабия Карольдігінің Қазақстандағы елшісі Горм Сайд Малхан қатысып, бата жасап, қажыларға сәт сапар тіледі.

Бүгін 1000 адам қажылыққа бара жатыр. Мұсылман қауымы үшін Исламның бес парызының бірі – қажылыққа бару болса, осы жылы қасиетті орынға құлшылық етуге елімізден 4 мыңнан астам азамат аттанады, деп хабарланды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтынан.

«Қажылық парызының жауапкершілігі мен марапаты шексіз құлшылық. Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы, ең бірінші, Алланың сый-сияпатына кенеледі. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған адамның күнәларының кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,– деген. Пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) ізі қалған, қасиетті жер, Жаратушының нұры жауған Мекке мен Мәдина шаһарын аман есен зиярат етіп, қажылық сапарын абыроймен атқарып, Отанымызға сауап арқалап оралуды жазғай!», – деп бата жасады Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Әуе жайдағы салтанатты рәсімде елге танымал әншілер мен ақындар жырдан шашу шашып, ғибратты толғаулар орындады. Қажылық сапары барысында қажыларға білікті дін қызметкерлері мен дәрігерлер қызмет көрсетеді. Ал наиб мүфти Серікбай қажы Ораз ҚМДБ Қажылық миссиясына төрағалық етеді.

Хабарламаларға жазылу