Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – денсаулыққа пайдалы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – денсаулыққа пайдалы

06.09.2015
Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – денсаулыққа пайдалы

Адам ағзасының қартаюы – табиғи процесс. Алайда бұл құбылысты қарапайым тәсілдермен тоқтатуға немесе баяулатуға болады.

Ғалымдар музыка адамның жүйке жүйесіне әсер ететінін анықтаған. Жүкті әйелдерге классикалық музыка тыңдауға кеңес берілетіні де сондықтан.

Мұндай әндер ми қабығының белгілі аумағын жандандырады. Нәтижесінде ана құрсағындағы сәбидің ойлау қабілеті дамиды.

Сондай-ақ, баяу әндер жүрек қағысын баяулататыны дәлелденген. Егер жүрек  ұзақ уақыт бойы бірқалыпты соқса, жүректің бұлшықеті жаттығып, төзімді болады. Осылайша жүрек қызметінің мерзімі ұлғаяды. 

Музыка терапиясының түрлері өте көп. Жел музыкасы – жүйке жүйесін тыныштандыратын, қалпына келтіретін әдістің бірі. Егер мұны күйзеліс кезінде тыңдаса, адам денсаулығы жақсара бастайды.

Ғалымдардың айтуынша, күйзеліске түскен адам лирикалық әндерді тыңдамаған жөн. Мұндай кезде, керісінше, жеңіл, көңілді әндер көмектеседі.

Музыкадан бөлек, адамға айналасындағы түстер де әсер етеді. Мысалы, түс терапиясымен  жүрек-тамыр және жүйке жүйесі, психоз, невроз, сондай-ақ,  қан ауруларын емдеуге болады.

Ал, мамандар кез келген ауруды түс терапиясымен емдеуге болатынын айтады. Бұл үшін күнделікті өмірде қара және қошқыл түсті қолданбаған жөн.

Мысалы, ұйқы тыныш болуы үшін жатын бөлмені көк түспен  безендіру керек. Бірақ жұмыс бөлмесінің интерьерінде көк түс көп қолданылса, адам ағзасы өздігінен ұйқыға кетеді.

Ас үйді безендіруге қызғылт сары түсті қолдануға болады. Алайда мұндай түсті киім асқазан сөлінің бөлінуіне ықпал етіп, жұмыс немесе басқа да шаруа істеуге кедергі келтіруі мүмкін.

Табиғат аясында адамның көңіл-күйі көтерілетіні белгілі. Сондықтан жасыл түспен жұмыс орнын сәндеуге болады.

Адамды  теңіз айдыны да тыныштандырады. Құстың сайрағаны, күн көзі, қалың орман -  ішкі гармонияны қалпына келтіреді.

Сондай-ақ, ғалымдар үй жануарлары мен аңдар да адам көңіл-күйіне әсер ететінін айтады. Мысалы, дельфин бірнеше ауруды емдей алады. Сонымен қатар, жыланмен емдеу терапиясы да бар. 

Хабарламаларға жазылу