Облыс басшысы арнайы экономикалық аймақтарда жылдар бойы атқарылған жұмыстар нәтижесін бере бастағанын, өндірістік қуаттылықтың артқанын атап өтті.
«Индустриалды аймақтар үлкен әлеуетке ие. Осы жылдарда істелген жұмыстар елеулі нәтижелер бере бастады. Енді осылардың қарқынын арттыра түсу қажет», -- деді Б.Атамқұлов.
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалпы құны 66 млрд. теңгені құрайтын 128 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 18,5 млрд. теңгені құрайтын 36 жобасы қазірдің өзінде іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда 2 782 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда келешекте жалпы құны 81.67 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылып, 6 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Осы индустриалды аймақ ашылғалы бері мұнда 53 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, бюджетке салықтық түсімдер ретінде 3,5 млрд. теңге құрылды.
Бүгінгі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 22.6 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі компания жұмыс жүргізеді. Мұнда 1 445 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында кілем тоқитын, жіп иіретін, гофралық картон, қағаз өндіретін, мақта талшығы мен мақта целлюлозасын шығаратын кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Айта кетейік, бұл тауарлардың барлығы еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып, шетелдік нарыққа шығарылуда.