ҚР Қорғаныс министрі Халықаралық армия ойындары-2015 қатысушыларын марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Қорғаныс министрі Халықаралық армия ойындары-2015 қатысушыларын марапаттады

27.08.2015
ҚР Қорғаныс министрі Халықаралық армия ойындары-2015 қатысушыларын марапаттады

Аталған халықаралық шарада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері 17 мемлекеттен келген 57 команда өкілдерімен бірге сайысқа түскен болатын.

ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов халықаралық жарысқа қатысушыларды құттықтап, қол жеткен жетістіктерін ерекше атап өтті.

«Бүгін жақында ғана Ресей Федерациясында өткен үлкен әскери шараның табысты нәтижесі аясында сіздермен кездесіп отырмыз. Жеңістеріңіз құтты болсын! Үздік жауынгер – тек Қарулы Күштеріміздің ғана мақтанышы емес, тұтас мемлекетіміздің, ел мен жеріміздің тыныштығының бірден-бір кепілі. Бүгін, міне, осы ортада 17 елдің өкілдері қатысқан Халықаралық Әскери ойындарда көп сарбаздың ішінен білімімен де, білегімен де дараланып, әскери шеберлігімен жүзден жүйрік шыққан жауынгерлеріміз отыр» - деді Иманғали Тасмағамбетов.

Қазақстандық армияның жеңісі мен елімізді лайықты деңгейде көрсету үшін аянбай еңбек еткен 58 жауынгер Қорғаныс министрінің қолынан наградалар мен сыйлақтар алды.

Олардың арасында танк экипаждары, ұшқыштар, теңізшілер және теңіз жаяу әскерлері, жаттықтырушы топтар, экипаждары қамтамасыз ету командалары бар, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.

Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық әскери қызметшілер сайыстың он үш түрінен өткен Халықаралық армия ойындарының төрт түріне қатысты. Олар танк биатлоны, авиадартс, Каспий жарысы және Каспий кубогы. Біздің әскерилер жарыс түрінің аздығына қарамастан  жалпы командалық есепте көш бастады. Атап айтсақ, 9 команда қатысқан «Авиадартс» ойынында – 2 орынды, «Каспий кубогы» - 2 орынды, теңіз жаяу әскерлері бөлімшелері арасындағы «Каспий жарысы» ойынында – 3 орын, 13 команда қатысқан танкистер арасынан «Танк биатлоны» бойынша финалға шықты және командалық ойындар бойынша үздік төрттікке енді.

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу