Әскери спортшылар VI Дүниежүзілік армия ойындарында үздік үштікке енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери спортшылар VI Дүниежүзілік армия ойындарында үздік үштікке енді

07.10.2015
 Әскери спортшылар VI Дүниежүзілік армия ойындарында үздік үштікке енді

VI Бүкіләлемдік армия ойындарының алғашқы сайыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының спортшылары еркін күресте 3 медаль (1 күміс және 2 қола) жеңіп алды.

Өз кезегінде бұл жетістік еліміздің спортшыларының осы додада сайысқа түскен 37 елдің 234 спортшысының арасында үздік үштікке енулеріне негіз болды.

Күміс медальді командаға 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен ҚР спорт шебері, әлем чемпионаттарының жүлдегері Владимир Кудрин әкелді.

Қола медальдарды 74 келі салмақта халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы кіші сержант Ғалымжан Үсербаев пен 65 келі салмақта ҚР спорт шебері, әлем чемпионатының жүлдегері ефрейтор Азат Сақаев иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл күндері Оңтүстік Кореяда армия спортының Бүкіләлемдік кеңесі (CISM) аясында VI Дүниежүзілік жазғы армия ойындары өтуде. Ол 4 жылда бір рет өтетін ауқымы бойынша Олимпиялық ойындармен сәйкес келетін әскери қызметшілер арасындағы ең үлкен спорттық турнир болып табылады.

Осы жылы ойындарға әлемнің 130 елінен жиналған 8 500-ден аса спортшы қатысады. Еліміздің намысын ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеевтің басшылық етуімен 58 спортшы қорғайды.

Олар еркін және грек-рим күресі, спорттық бағдарлау, дзюдо, жүзу, оқ ату, қазіргі заманғы бессайыс, әскери бессайыс, таэквондо, жеңіл атлетика және бокс сияқты спорттың 11 түрінен өнер көрсетеді.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

 

 

Хабарламаларға жазылу