Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай «Абай әлемі» атты тұңғыш энциклопедиялық портал ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай «Абай әлемі» атты тұңғыш энциклопедиялық портал ашылады

02.08.2015
Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай «Абай әлемі» атты тұңғыш энциклопедиялық портал ашылады

Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай, Шығыс Қазақстанда бірқатар мерекелік шаралар өтпек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлімдеді.

Ұлы ақынның мерейтойына арналған шаралар 5 тамызда Семей қаласында Абай атындағы Опера және балет театрының жеке орындаушысы Шаһимардан Әбіловтың және абайтанушы Ғарифолла Есімнің қатысуымен өтетін музыкалық кештен бастау алады.

6 тамызда Елбасы қолдауы және Мемлекеттік тілді дамыту қорының тапсырысымен «Абай әлемі» атты тұңғыш энциклопедиялық портал ашылады.  Жоба аясында «Абайдың ұлы жұмбағы» атты деректі фильмнің тұсауы кесілмек. Жаңа туындыда көрермен қауым Абайдың жаңа қырын біліп, алған білімі, Шығыс тәрбиесі туралы құнды деректермен танысады.

Сондай-ақ, осы күні «Абай және әлемдік өркениет» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Басқосуға шетелдік әдебиеттанушылар, философ, тарихшылар, тіл мамандары мен ақын шығармаларын әлем тілдеріне тәржімалаған шетелдік аудармашылар қатысады. 

Мерекелік шаралар 7 тамызда Абай ауданында жалғасады. Шара қонақтары «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін, «Еңлік-Кебек» ескерткішін аралап, Мамай батыр ескерткішінің ашылуына қатысады.

Сондай-ақ, бұл күні Қарауылда қазақ күресінен ел чемпионаты, «Абай тойы - халық тойы» мерекелік шарасы, «Жорға жарыс» сайысы өтеді.

Жоспарланған іс-шаралар «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты республикалық ақындар айтысына ұласады. Аламан айтыста еліміздің әр аумағынан келген  12 үздік айтыскер қатысады.

Ақындар айтысынан кейін Қарауылтөбеде «Аламан бәйге» және «Абай тойының бас палуаны» сайысы өтеді.

«Мерейтой ағымдағы жылы өзінің ауқымдылығымен ғана емес, танымдылығымен де ерекшеленеді. Абай тойы - барша қазақ даласына, тіпті әлемге ортақ той.  Шараға қатысушы әрбір қонақ Абайдың рухани және шығармашылық әлеміне сапар шеге алады», деді Ж.Омар. 

Хабарламаларға жазылу