Қазақстанда жақын бесжылдықта кадрлар тапшылығы болжанады. Бұл туралы Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің сөзіне қарағанда, еңбек нарығындағы ортамерзімдік өзгерістер болжамы жұмыспен қамтудағы теңсіздіктің орын алу мүмкіндігін көрсетіп отыр. «Жақын бесжылдық бойынша айтсақ, бұл кезеңдерде жаңа жұмыс күшінің келу қарқыны біршама бәсеңдеуі ықтимал. Бұл негізінен сонау 1990 жылдардың басындағы туу көрсеткіштеріне, демографиялық ахуалдың құлдыруымен тікелей байланысты. Бұл ретте еңбек нарығындағы тапшылық негізінен жұмыссыздар, сонымен бірге өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінен толығуы күтіледі», - дейді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен сауда саласында қызмет етеді.