Теңге бағамының екінші қайтара төмендеуі болмайды - ҚР Президенті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңге бағамының екінші қайтара төмендеуі болмайды - ҚР Президенті

14.02.2014
Теңге бағамының екінші қайтара төмендеуі болмайды - ҚР Президенті
  Теңгеге қатысты қобалжу болмауы керек, теңге бағамы төмендеуінің екінші толқыны да болмайды. Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
 
Елбасы теңге бағамындағы түзетулерге қатысты абыржу болмауы тиістігін атап өтті. «Ешкімге де қап-қап ұн сатып алудың қажетілігі шамалы. Бізде жиырма миллион тонна астық бар. Ұн не үшін керек? Біздің өмірімізге қажетті нан, ұн, сүт, ет бәрі жеткілікті, қорлары да бірнеше жылға жетеді. Ешқандай қобалжудың қажеті жоқ», - деді Н. Назарбаев.
 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қобалжу негізінен доллар сатып алатындарға қатысы барлығын да тілге тиек етті. «Долларды көбінесе негізінен анда-мында баратын, бірдеңе сырттан сатып алатын миллионерлер мен миллиардерлер алады. Жалпы, импорттаушылар бұдан жапа шегетіні айтылып та жүр, алайда бізде негізінен көліктер де, теледидарлар да, тоңазытқыштар да көпшілігімізде бар ғой. Ендеше бұл жағдайды да бастан қалыпты түрде өткізе аламыз. Сондықтан да, қазіргі басты мақсат алыпсатарлықты болдырмау, соны қадағалау», - деді Н. Назарбаев.
 
Осы ретте Елбасы халықтың арқасында ақша тапқысы келетіндерді қатаң қадағалап, қатаң жауапқа тартуды тапсырды.
 
«Шағын сауда орталықтары қалыпты жұмыс істеп жатыр, ал үлкен саудаға кіріскендер, гипермаркеттер мен супермаркеттер шектен шыға бастағандай. Міне, соларды қадағалау керек. Шектен шығуға жол бермеу керек, басшыларын жауапқа тарту керек. Бұған дейін әкелінген тауарларға ешқандай да баға өзгермеуі керек. Оның үстіне біздің елімізде қор жеткілікті, қобалжудың қажеті жоқ. Теңге бағамының екінші қайтара төмендеуі болмайды. Біз ел игілігіне қарай тұрақты жұмысты жалғастырамыз», - деді Н. Назарбаев. 

Хабарламаларға жазылу