Павлодар облысында қатерлі дерттен 920 адам қайтыс болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында қатерлі дерттен 920 адам қайтыс болған

25.02.2019

Аты жаман аурудан Республикада көш бастап тұрған аймақта тіркеуге алынғандар саны 13 мыңнан асады. Сондықтан аурудың алдын алу мақсатында биыл тұрғындарды скринингтен өткізуге 218 млн теңге бөлінді. «Бұл қаржы тұрғындардың 80 пайызын кешенді тексеруге жетеді»,-дейді мамандар. Аймақтағы ахуалды меншікті тілшіміз Болат Аманбаев жеткізеді.

Қазір облыста сүт бездері, жатыр және тік ішектің қатерлі ісігін анықтау үшін скрининг жүріп жатыр. Жұрт бұдан хабардар. Ағылып кеп кезекке тұрмаса да, дәрігердің алды бір босамайды.

Обырдың алдын алуға болатынын медицина дәлелдеп берді. Мәселен, елімізде 20 жыл бұрын қатерлі ісік ауруына шалдығып, айыққан адамдар бар. «Сондықтан дәл қазіргі уақытта үрейге бой алдырып, ем іздеп шетел асудың қажеті жоқ»,-дейді мамандар. Отандық дәрігерлер заманауи жабдықтар арқылы емнің тың тәсілдерін қолдана алады.

Тельман Әлғожин, Онкологиялық диспансер директорының орынбасары:

- Соңғы жылдары осы сырқаттан қайтыс болғандар саны 7 пайызға азайды. Бұл сәулелі терапияны қолдану арқылы қол жеткен нәтиже деп санаймын. Өкінішке қарай, химиялық ем өте ауыр болғандықтан, жасы келген адамдар көтере алмай қалуы мүмкін. Алдағы уақытта біз оларға сәулемен емдеуді жылдамдатуға арналған желілік құрылғыны пайдаланатын боламыз. Сонда егде жастағы адамдардың өмірін ұзартуға болады.

Осыдан екі жыл бұрын ел үкіметі онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған кешенді жоспар қабылдады. Іле Павлодар қаласында 200 орындық диспансер салуға 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Күніне 100 адамды кешенді тексеруге мүмкіндік тумақ. Ең озық технологиямен жабдықталған медициналық мекеменің құрылысы биыл аяқталады.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу