Алтын айдарлы аймаңдай ұл. Ұлттық арна Денис Тенді еске алуға арналхан хабар ұсынды

20.07.2018

Кеше Қазақстанның әлем мойындаған талантты ұлы құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Халықтың  махаббатына бөленген Денис Тен небәрі 25 жаста қыршыннан қиылды. Мәнерлеп сырғанаудан әлемдік тарихта аты қалған спортшының жарқын бейнесі мәңгі халық жадында.

Денис Тен қаршадайынан болмыс-бітімімен дараланды. Спорттың ерекше түрімен ерте бастан айналысты. Хореография мен акробатиканың әдемі үйлесімін тапқан спорт түрінен әлемді мойындатуды армандады. Қажырлы қайрат пен биік мақсат Денисті арманына жеткізді. Күні-түні төккен тер мен еселі еңбек жас жігіттің мәртебесін асқақтатты. Еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Ал, 2011 жылы Астанада өткен VII Қысқы Азия ойындарына қатысып, алтыннан алқа тағынып, чемпион болды. 2013 жылы Канадада өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болып оралды. 2015 жылы Хорватияда өткен Халықаралық жарыста топ жарып, 2017 жылы Алматыда өткен «Универсиада-2017» аламанында алда келді.

Денис Тен Қазақстанның спорт тарихында мәнерлеп сырғанау спорты бойынша Олимпиада медалін ең алғаш иеленген спортшы. 2014 жылы Сочи Олимпиадасында ұлттық құраманың қоржынына түскен жалғыз медальдің иесі де осы талантты жас болатын. Оның алған қола медалі «бос қайтамыз ба?» деп алаңдап отырған Ұлттық құрама мүшелерінің ғана емес, тұтас ұлттың абыройын асқақтатты.

Денис Тен осы аламанның алдында ғана аяғын жарақаттап алған болатын. Дәрігерлер спорттан бас тартуға кеңес берді. Тіпті ота жасамақ болады. Мұның бәрі жалындап тұрған жастың меселін қайтара алмады. Алға қойған мақсаттарына жету үшін мұндай қадамдардан бас тартқан қайсар спортшы батыл шешім қабылдайды.

Денис Теннің ауыр жарақаттан соң мұз айдынына қайта ораларын көптеген маман күтпеп еді. Ал, ол болса қиындықтарды жеңе отырып, әлемге өзін тағы да мойындатты. Спорттың ерекше түрін шебер игерген дарынды спортшыға көз тігушілер көп болды. Бірақ, намысты жігіт өзгелердің алтын, күмісіне арбала алмады. Ол туған жердің туын әлемдік додаларда желбіретуді ғана ойлады.

«Мен қазақстандықпын және қазақстандық болып қаламын» деген сертінде тұрды. Белгілі спортшы өзінің сүйікті қаласында мәңгілікке қалды. Оның қазасы қалың елдің қабырғасын  қайыстырды.

Жас спортшының мәнерлеп сырғанау бойынша жасындай жарқырайтын кезі әлі алда еді. Күллі халық сүйікті спортшысынан үлкен үміт күтетін. Отандық және әлемдік спорт қауымдастығы оның қазасы туралы ақпаратты үлкен күйзеліспен қабылдады. Елдің махаббатына бөленген ерекше жанды қимаған халықтың көзіне жас толды. Денис тек Қазақстаның ғана ұлы емес, әлемнің жарқырап келе жатқан жарық жұлдызы еді. Өкінішке қарай, тым ерте үзілді...

 

«Толық нұсқа»

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.  

 

Хабарламаларға жазылу