Танымал спортшы, мәнерлеп сырғанау шебері Денис Теннің өмірден озғанына тура бір жыл болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Танымал спортшы, мәнерлеп сырғанау шебері Денис Теннің өмірден озғанына тура бір жыл болды

19.07.2019

Алматы жұртшылығы Денис Тенді еске алды. Бүгін даңқты спортшының кісі қолынан қаза болғанына тура бір жыл болды. Осыған орай шаһарда спортшыны еске алуға арналған ауқымды шара өтті. Оған Денистің туған-туыстары, достары, қала тұрғындары қатысты. 

Бұл  — Денис Теннің жанкүйерлері жиі жиналатын орын. Себебі бір жыл бұрын осы маңда танымал спортшыны қарақшылар пышақтап кеткен еді. Жуырда мұнда Дениске арналған ескерткіш орнатылды. Ал бүгін осы жерде барша спорт сүйер қауым жиналып, спортшының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сағынышпен еске алды.

 

Ислам Байрамұқов, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері:

Өкінішке қарай аз ғұмыр кешсе де, үлкен іс атқарды ол дүниеде. Ескерткіш қойып жатыр, Денис Теннің атынан бірталай іс-шаралар орындалады деп ойлаймын.

 

Әли Оқапов, әнші:

Осыдан да асқан биіктерді бағындырып, шынымен де тарихта қалатын адам еді Әрине онсыз да тарихта қалады, мәңгі жүрегімізде.

 

Шараға қала тұрғындарынан бөлек Дениспен бірге талай додада бақ сынасқан шетелдік мәнерлеп сырғанаушылар да арнайы келіп,  естеліктер айтып көздеріне жас алды.

 

Джереми Эбот, мәнерлеп сырғанаушы:

Біз Дениспен он жыл бұрын таныстық. Талай жарыстарда бірге өнер көрсеттік. Сол кездерді сағынышпен еске аламын.

 

Ал Рамазан Сейітов Дениске арнап мынадай туынды дайындаған. Бір ерекшелігі бұл сурет тек жіп пен шегеден жасалыпты. Автор бүгін осы жұмысын еске алу жиынына әкеліп, Денистің анасына сыйға тартты.

 

Рамазан Сейітов, суретші:

Біз шығармашылық адамдары әркім өз саласында осындай үлкен адамдарымызды дәріптеуіміз керек деп ойлаймын. Сол үшін мен осы Денис Теннің суретін салуды жөн көрдім.

 

Ертең «Алматы Арена» спорт кешенінде ДенисТенді еске алуға арналған мұз шоуы өтеді. Оған әлемге әйгілі мәнерлеп сырғанаушылар, жаттықтырушылар қатысады.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу