Онда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен «100 нақты қадамды» жүзеге асыру тетіктері талқыланды.
Қазір Қазақ елі ғана емес, бүкіл жаһан жанталасқан дәуір. Бір қадам ілгері басса, екі қадам кері кеткен экономиканы айтпағанда, лаңкестер салған лаңның өзі саясат сахнасын дүрліктіріп тұр.
Бірақ, замана заңы мұндай күндердің де өтерін әлдеқашан дәлдеп қойған. Қазақтың қазына сөздерінің бірі - «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ».
Жаңа экономика – жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Осы аптада Үкімет мүшелерін Ақордаға жинаған Мемлекеттің басшысы осы бір тың бастамаға баса назар аударды.
Атқарушы биліктің он айда атқарған жұмысын саралап, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын саяси қызметкерлермен бірге қалың елге тағы да бір ескертті. Ал, қалыптасқан жағдайға келер болсақ, қалың ел одан хабардар. Халықаралық нарықтағы сауданың бәсеңдеуіне байланысты біздегі экспорттың әлеуеті әлсіреп, импорт кеміп кетті.
Соған қарамастан, Тәуелсіздік жылдары жинаған қордың арқасында нақты секторларды ақсатпаған Үкімет он айдың ішінде экономиканы бір пайызға дамытқан. Бұл да болса дәтке қуат.
Заманның парқы, базардың нарқы бөлек қазір. Осыдан бір жарым жыл бұрын аспандап тұрған мұнай бағасының аяқ асты құбылатынын кім білген?! Бұрынғысынан үш есе арзандады. Халықаралық сауда да темірдің де, көмірдің де, түрлі-түсті металдың да құны түсті. Соның салдарынан елдегі экспорт 42 пайызға, ал импорт 23,8 пайызға кеміп кетті.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Биыл өндірістік өнеркәсіп 20,3 пайызға, тау-кен өндірісі 2,2 пайызға, машина жасау 29 пайызға азайды. Бір жарым миллион тонна мұнай кем өндірілді. Экономиканың нақты секторларын несиелеу 7,1 пайызға төмендеді.
Бірақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Сіздің дағдарысқа қарсы шұғыл әрекет етуге байланысты шығарған Жарлығыңыздың арқасында кейбір салаларға Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінді.
Нәтижесінде, капиалды инвестиция 3 пайызға, құрылыс қарқыны 3,8 пайызға, ал құрылыс материалдарын шығару 4,2 пайызға өсті. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласында да ілгерілеу бар.
Біз жіберген бір кемшілік теңгені тұрақты ұстаймыз, деп тырысқанымызда. Соның кесірінен, әуелден арзанға әуес әлеуметтің біраз ақшасы шетел асты. Әлбетте, ештен кеш жақсы.
Теңгені еркіне жібергелі экономиканың нақты салаларында өндірілетін өнімдердің бәсі артты. Сәл де болса, ішкі нарықтағы саудаға жан бітіп, сұранысқа сай тауар сұрыптала бастады. Ал, бас банкир теңгеге қатысты енді көп теңсіздіктердің болмайтынын айтты.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Біздің пайымдауымызша, жақын арада сыртқы коньюнктураның әсері көп болмайды. Анау айтқандай қауіп жоқ. Біз дәл қазір теңгені тұрақтандыруға тікелей араласып отырған жоқпыз.
Тек мұнай бағасы 40 доллардан арзандап кетсе ғана, реттеуге араласуымыз мүмкін. Бірақ, біздіңше қазір бәрі тұрақталды. Күрт қымбаттау мен арзандау болмайды.
Сонымен қатар, біз бұдан былай қоғамға ашық болуды жоспарлап отырмыз. Яғни, теңгеге қатысты кез келген шараны халыққа, ақпарат құралдары арқылы жеткізіп отыратын боламыз.
Бізде ұлттық компаниялардың активтерін басқаратын «Самұрық-Қазына» деген қор бар. Әл-ауқатты арттыратын қор биыл 14 жобаны іске жаратып, 6 мың адамға жұмыс берген. Әрі 500-ден астам тиімсіз профильдерін сатып, қазынаға 250 миллиард теңге құйған.
Олар бұл шараны алдағы күндерде де жалғастыра бермек. Сөйтіп, «ҚазМұнайГазға» қарасты 260 компанияның тек 75-ін, «Қазақстан темір жолына» қарасты 102 компанияның 30-ын және «ҚазАтомӨнеркәсіпке» бағынатын 82 кәсіпорынның 38-ін ғана қалдырады.
Басқаларын түгел жекешелендіруге шығарады да, өз қарамағында қалған компанияларды өзара қосып, іріктеп, реттейді. Әрі оларды басқару үшін шетелден топ менеджерлер шақырылады. Президент осы тұста маман шақыруға абай болуды ескертті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Заманында чикаголық «шибөрілердің» Мәскеуде не бүлдіргенін білесіңдер. Бұл мәселеде мұқият болыңдар. Әйтпесе, біздің қолдан түк келмейді, қыруар қаржыға шеттен келгендер бәрін қатырады дегенге сену қиын.
Айтпақшы, осы «Самұрық-Қазына» пайдасы жоқ мекемелерден арылғанымен, шығыны көп шетелдегі тиімсіз өкілдіктерін жаба алмай отыр. Қазір қорға қарасты бірінің қызметін бірі қайталайтын 36 елде өкілдігі бар екен.
Шөкеевтің осылай деп, Президентке арызын жеткізе алғанымен, басқаға сөзімді өткізе алмадым деуі кеңеске келгендердің езуіне еріксіз күлкі үйірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жассың. Блімдісің. Күш-жігерің кемелденген шақтасың. Саған қызмет, құзырет берілді. Сөйте тұра, сен ешкім тыңдамайды деп шағымданасың. Бұл сөзіңді естудің өзі ұят.
Әңгіме шетелдегі өкілдік туралы өрбіген соң, Президент бірден басқа түйткілдің басын ашты. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев биыл шетелге сапарлары кезінде жалпы құны 46 миллиард доллардың 130-ға жуық келісіміне қол қойған.
«Қайда сол қаржы?», деген сауал кеңесте жауапсыз қалған соң, Президент инвестиция тартуда елшілердің енжар екенін сынға алды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемнің қай түкпіріне барсаң да бізде елшіліктер бар. Бірақ, ондағы елшілер немен айналысатынын білмейді. Экономикадан мүлдем мақұрым. Нақты бағыт болуы керек. Елшілердің жұмыс сапасын біз министрліктің алқа жиынында талқылаймыз.
Енжарлық демекші, қазір «алма піс, аузыма түс», дейтін заман емес. Жатқанға жан жуымайды. Сондықтан, бар, сұра, аралас, шақыр, алмас. Тек қолы қимылдағанның, аузы да қимылдайтынын ұмытпа.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір «ньюнормал» деген ұғым сәнге айналды. Жаңа жағдай. Қайдағы жаңа жағдай? Қазір жағдай шынымен де осы. Сондықтан, қазіргі жағдайдан шынымен шынығып шығуымыз керек. Үйренуіміз керек. Оның мәні осында.
Әлемдік дағдарыс деп айта бергеннен май шықпайды. Ондай дағдарыстар бола береді. Қандай шара қолдану керек, қандай жағдаймен шығу керек, сол маңызды. Осы қаланы біз ең қиын-қыстау заманда салдық.
Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында. Түк те жоқ еді бізде. Қаржы да. Сондықтан, бір-біріңді анау-мынау деп қорқыта бермей, алға қарай жүру керек.
Рас, «көз қорқақ, қол батыр». Кеңесте бір қайнауы ішінде қалған мемлекеттік қызмет туралы заңды ғана кері қайтарғанын айтқан Президент, «100 нақты қадамға» қатысты Парламент қабылдаған заңдарды жедел күшіне енгізуден еш қаймықпау керектігін де ескертті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Банкрот десе, бізде бәрі қорқады. Бізде банкорт ол жабылды, бітті деп түсінеді. Олай емес. Әлемде күн сайын миллион кәсіпорын банкрот болады, миллионы қайта құрылып жатады. Бірақ, ондағы жұмыс тоқтап қалмайды. Мемлекет өз мойнына алып, ондағы жұмысты жаңа тәсілмен жандандырады.
Индустрияландыру бағдарламасы бойынша өткен бес жылда іске қосылған кәсіпорындар 5 триллион теңгенің өнімін шығарған. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Әрі қазіргі қиындықтарға қарамастан, Үкімет тағы 100 шақты жаңа өндірісті іске қоспақ. Бірақ, Президент олардың бәрін болмаса да, тек тиімді жобаларды ғана қолға алуды жүктеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қарқынды дамудың кезінде біздер көптеген өндіріс ошақтарын аштық. Мендегі есеп бойынша 770 кәсіпорын. Алайда, қазіргі қысылтаяң сәтте, сол өндіріс орындарының көбі бәсекеге қабілетті болмай шықты. Олардың біразы мемлекеттің жәрдемінің арқасында ғана тұр. Негізі бұлай болмауы керек.
Елдегі бай-манаптардың құлағына алтыннан сырға. Әсіресе, салықтан жалтарып, мүлікті жария етуден жан сауғалап жүргендер үшін. Мемлекет басшысы әлемдегі алып АҚШ, ЕуроОдақ елдерімен түгел құқықтық көмек жөнінде келісім жасалғанын ескертті.
Демек, Қазақстанда тұрып байып, сол байлығын басқа елге тығатындардың тірлігі әшкере болатын күн алыс емес. Сондықтан, барыңды өз еліңнің көсегесін көгертуге жұмсаудан еш қашпау керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен елдегі ауқатты азаматтарға арнайы үндеу жолдаймын. Тәуелсіздік жылдары сіздердің бақуатты болуларыңызға мемлекет мүмкіндік жасады. Енді Сіздер де қайырылып, елдегі заңдастыру мен жекешелендіру ісіне атсалысқандарыңыз жөн. Жекешелендіру шараларына әсіресе, қазақстандықтардың көбірек қатысқаны абзал.
Енді кеңесте Елбасы көтерген басқа да түйткілді мәселелердің түйіні. «Қандай қиындық болса да, тұрғын үй құрылысы тұраламайды. Қандай дағдарыс болса да, әлеуметтік шығындар азаймайды. Керісінше өседі.
«Нұрлы жол» мен «100 нақты қадам» бекіткен міндеттер түгел орындалады. Ал, жанармай мен азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына жол берілмейді. Бұл ретте мелекет пен меншік бірлесіп әрекет еткені абзал. Сонда ғана біз бұл кедергіні еш қиындықсыз еңсереміз»,-деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халықтың барлығы жер жүзінде не болып жатқанын көріп отыр. Лаңкестікті де, экономиканы да. Барлығы баяғыдай емес бізде. Бұдан өтеміз. Болып жатқан жағдай жаңартуға жол ашатын жағдай деп санау керек. Жаңа экономикаға, жаңа бастамаларға, жаңа инвестицияларға. Оны қалай табу біздің мамандығымыз бен білгірлігімізге байланысты.
Жалпы, кез келген істің өз қиындығы мен берекесі болады. Президент «жаңа бастамалардың жауапкершілігі Үкімет пен әкімдерге артылады. Ал атқарылған істің берекесін қарапайым халық көретін болсын»,-деп түйіндеді кеңесті.
Айбек ҚОБДАБАЙ