Атыраулықтар жем-шөпті көрші облыстан сатып алуға мәжбүр
Атырау облысы Құрманғазы ауданында шаруалар төрт түліктен айырылып қаламыз деп алаңдаулы. Өйткені шабындық пен жайылым жер жоқ. Тұрғындар жем-шөпті көршілес Батыс Қазақстан облысынан шауып әкелуге мәжбүр. Сондықтан әкімдік өкілдерінен жерді қайта бөлуді сұрайды. Шалғайдағы шаруалардың жайын әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Сүйіндік ауылдық округіндегі мал ұстайтындардың басты уайымы – шөп. Жем-шөптің бағасы шарықтап тұр, ал шабатын жер жоқ. Себебі кезінде шабындық алқаптардың барлығы бір кісінің иелігіне өтіп кеткен. Ал төрт-түлік мұндағылардың басты күнкөріс көзі.
Сүйіндік ауылының тұрғыны Бек Қапуанов 20 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Содан бері малға азық тауып беру проблема. Тек Бек емес, тұтас ауыл шаруаларының уайымы осы. Себебі, шөп шабатын, мал жаятын өріс жоқ.
Бек Қапуанов, шаруа қожалығының иесі:
Жердің кадастровыйында бар ғой өзінің заңдылығы. Бір кісіге беруге болмайды деген. Бұны қалай бергенін білмеймін. Соны беріп жіберіп, бізге шапқызбайды. Осымен айтысамыз, қырылысамыз. Осы жерден қуады. Полиция әкеледі. Біршама жерге дейін жаздық.
Енді кәсіпкерлер шабындық пен жайылым жерлерді халыққа қайтаруды сұрайды. Ал 154 мың гектар жер кезінде «Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС иелегіне өтіп кеткен. Мекеме басшысына мән-жайды білу үшін хабарласқанбыз. Бірақ жауап ала алмадық.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Жерді тұтас иеленіп алған кәсіпкердің дәл осындай жеті қыстағы бар. Оның төртеуі осылай қаңырап бос тұр. Айналадан бір де бір жануар, болмаса төрт-түлік көрінбейді. Еш игерусіз жатыр.
Бақтыгерей Сейітханов, Сүйіндік ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Балалар өздері жеке шаруа қожалығын құрып шығайын десе жер жоқ. Округке келеді. Менде жер жоқ. Розметовтың жері дейді. Соған байланысты жер ала алмай отыр. Мұны аудан басшылары да, облыс басшылары да біледі. Республикадан келіп кетіп жатқан депутаттар бар. Олар да хабардар. Бірақ мәселе шешілмейді.
Мәселе талай рет облыс, республика деңгейінде көтерілген. Нәтижесінде жерді иеленген кәсіпкер 2018 жылы 20 мың гектар, 2024 жылы 50 мың гектар аумақты мемлекет меншігіне өткізген. Бірақ ол жерлер шабындық пен жайылымға қолайсыз. Енді әкімдік арнайы комиссия құрып, бос жатқан жерлерді тексермек.
Абат Жанғалиев, Құрманғазы ауданының әкімі:
Жер салаға қатысты жетекшілік ететін орынбасарым бір-екі күннің турасында Сүйіндік өңіріне комиссиямен барып, сол жерлерді кері анықтайтын болады бос жатқан жерлерді шаруашылықтарға беру мақсатында. Кеше президентіміз жолдауда да айтты ғой. Жерлердің бәрін бос жатқызбай қожалықтарға беру керек деп. Сол бойынша жұмыс жүргіземіз.
Аудандағы атқамінерлер мәселені шешеміз деп сендірді. Шешпесе, шаруаларға қиын. Себебі төрт-түлікті қыстан аман шығу жылдан жылға қиындап барады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
