Қазақ елі Бірлік күнін атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі Бірлік күнін атап өтті

03.05.2015
Қазақ елі Бірлік күнін атап өтті

Жұмада жұрт болып жұмыла, 1-ші мамырды өткердік. Қазақстан халқының бірлігі күні. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» демекші, құшағы төрдей, көңілі көлдей біздің ұлт Абайдан қалған тәмсілге берік екенін осы мейрамнан аңғарады, өзге елдер. Бірлік күнін Қазақстанның төрт тарабы түгел атап өтті.

Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында театрландырылған концерт ұйымдастырылып, шараға Мемлекет басшысы арнайы барды. Құттықтады. «Көпэтносты халықтың тұтастығы мен тұрақтылығы арқасында Қазақстан  зор табыстарға жетті. Ел алдында тұрған міндеттерді орындау үшін бірлікті сақтау керек»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайының алдына құрылған сахнада танымал әншілер өнер көрсетті. Ал, өзге облыс орталықтары мен аудан-ауылдарда елдегі ырыс пен ынтымақты, жарастықты жаршы еткен фестивальдар мен парадтар, мәдени шаралар, спорт жарыстары өтті.

«Қол жұмылмай, жылынбайды». Ескіден қалған есті сөз. Бірінші мамыр өзге ел үшін еңбекті елейтін күн. Біз үшін мәні де, сәні де ерек мереке. Бірлік күні. Қабағы жазық, көңілі ашық, бір-біріне асық 130-дан аса этнос келісіммен күй кешкен елде 1-мамырдың мәні зор. Бізде корей көп, беларусь бар,  тәжік те табылады,  еміс-еміс немісті те естиміз.

Еңселі Елорда. «Қазақ Елі» монументі. Астананың басты алаңына жиналған жұрт ынтымақ күнін ықыласпен тойлады. Бірі концертті көрмекке келген, бірі мерекенің мәнін түсініп құрметпен келген.

Елдің алтын тәжі Астанадағы сән-салтанатқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Біз «Бiрлiктiң, көпэтникалық татулық пен тұрақтылықтың арқасында жетiстiктерге қол жеткiздiк»,- деп құтты болсын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен сiздердi Қазақстан халқы бiрлiгi күнiмен құттықтағым келедi. Сайлауда бiз барша әлемге бiрлiгiмiздi және қуатымызды көрсеттiк. Осы бiрлiктiң, көпэтникалық татулық пен тұрақтылықтың арқасында бiз елдегi  жетiстiктерге қол жеткiздiк.

Бейбіт елдің аспанында ғана ән айтылады, күй тартылып, би биленеді. Қазақ үшін байтақ Отанды ортақ қоныстанған қай жұртпен де тату-тәтті, табысты  ғұмыр кешкеннен артық қазына жоқ.

Анапияр қажы Қонысбекұлы, Аягөз қаласының тұрғыны:

Әсерімізді жүрекпен айтып жеткізу мүмкін емес. Халық көңілді. Күн де жарқырап тұр. Бұл бір ерекше күн ғой. «Бірлік бар жерде тірлік бар», дейді. Бірлігіміз,  достығымсыз жасасын. Қуаныш арта берсін!

Дария Әбіқұлқызы, Астана қаласының тұрғыны:

Қазақстанның халықтар бірлігі мерекесіне Алматыдан арнайы Астанаға келдік. Ауа райы нұрын шашып тұр. Нұр шашқан Қазақстан – әлем таныған, бақытты мемлекет. Әсем Астана гүлдене берсін, еліміз гүлдене берсін. Әлем таныған бақытты елдің ұрпағы ақылды болсын!

«Татулықтан артық жолдас жоқ». Достықтың мәдени астанасы Алатау бөктеріндегі Алматыда мереке ерекше реңкте өтті. Думанды тойдың шымылдығын қала басшысы Ахметжан Есімов түрді.  Әкім «бірлігі мығым ел төрге озады»,- деді. Сосын 30-дан астам этномәдени бірлестіктердің төрағаларына Ассамблея жылына арналған арнайы медальді табыстады.

Топтанып ұшқан торғайға, тұрымтай да бата алмайды. Осындай  түсінік Павлодарда сақталған.  Аймақта 80-ге тарта этнос өкілдері тұрады. Олар үшін Отан бір. Ол – Қазақстан.

Болатбек Оразбаев, қырғыз этномәдени орталығының төрағасы:

Қазір осы Қазақстан бүкіл дүниенің, бүкіл ұлыстың басын қосып мына үлкен бірлік тойын өткізіп жатырмыз. Осыған ұйытқы болып отырған өзіміздің Қазақстан, Қазақ елі.

Сыр өңірі де салтанаттан сырт қалмады. Мерекелік шараға «Бірлігі жарасқан Қазақстан», деп айдар тақты.  Татулық тойын Қызылорда да қызықты тойлады.

Энди Стефания,  шетелдік мейман:

Бүгінгі мерекені сан түрлі ұлыстарына қарамастан, халық қуана, бар ынта-жігерімен тойлайды екен. Адамдардың жайдарлы көңіл-күйлеріне қарап, бұл нағыз бірлік мейрамы екенін аңғарасың.

Қазақстанға жұмыс бабымен келгеніме бір ай ғана болды. Осы уақыттың ішінде сіздің елдің негізгі күші оның ауызбіршілігінде екенін түсіндім.

Атыраудағы мерекеге куә болған шетелдік мейман Қазақстанды берекелі, дейді. Қызығатын шығар, бәлкім қызғанады. Аз уақытта дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның құпиясын білуге әркім де бір құмар-ақ.

Әсем Изатқызы, тілші:

Қазақстан – қуатты мемлекет. Қуаттылығы сонда, өзге елдер жылдар бойы жете алмаған жетістіктерге жетті. Аз ғана уақыттың ішінде алған асуларымыз бен бағындырған биік белестеріміздің сыры неде десеңіз, ол – бірлікте. Өйткені, қазақ қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба – жатырқауды білмейді. Тек бірлік бар жерде тірлік барын біледі. Ендеше бірлігіміз бекем болсын!

Кезінде Міржақып «Бірлігі жоқ алауыз халықпыз ғой, қатардан сол себепті қалыппыз ғой», деп күңіренген екен. Ал, бүгінгі ұрпақ кемел келешектің кілті – бірлікте екенін біледі.

Ерназар Баетов, Түркістан қаласының тұрғыны:

Өте керемет әсер алдым. Астананың болашағы жарқын, деп айтуға болады. Кеше ғана Елбасымен бірге жаңа жолға бастау алдық, Президенттік сайлау өткізіп Елбасымен жеңіске жеттік.

Татулық – Тәуелсіздіктің тірегі. Ал, оның тігісі сөгілмеуі – халықтың пейіліне байланысты. Сол түсінік сақталған Оңтүстікте  бүгінде 100-ден аса  ұлттың өкілдері мерекелі һәм берекелі бірлігімен еңбек етіп, ынтымағы жарасты қоғам құрып отыр. Мерейлі мезетте олар өнері мен дәстүрін дәріптеді. 

Латифша Алиев, түрік этномәдени орталығының төрағасы:

Үлкен жетістіктерге жеттік. Келешегімізді баянды еттік. Алға қойылған бес мақсаттың ішінде 30 елдің қатарына енеміз, жеңеміз деген үміттеміз. Қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын.

Ұлы мейрамды ұлықтауда Шығыс Қазақстан да шет қалмады. Шерумен жалғады. 15 мыңға жуық адам Астана көшесінен бастап орталық алаңға дейін сән-салтанатпен жүріп өтті. Ассамблея жылына орай 20 көгершін мен 20 мың шар ұшырды. Көк аспанда қалықтаған ақ көгершіндер бейбіт күн кешіп жүрген көптің кіршіксіз көңілін көрсетсе керек.

Майра Бейсеқанова, ҚХА мүшесі:

Жуырда ғана сайлау болды. Барлығымыз қатысып, бірлігімізді көрсеттік, қандай тамаша мейрам болды. Бүгін күн сәулесін қалай шашып тұр. Елімізде бейбітшілік, тұрақтылық, осының бәрі Елбасының арқасы.

Мереке қазыналы Қарағандыда да қас қарайғанша тойлады. Облыста ың-шыңсыз, у-шусыз тату-тәтті 130-ға жуық этнос өкілдері тұрып жатыр. 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Шеруге 10 мыңнан астам адам қатысты.

Ал, астықты өңір Қостанайды 100-ден астам этнос мекендейді. Олар түрлі салада еңбек етіп, елдің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүр. Мереке күні өңірде ұлттық аспаптар көрмесі өтті.

Жиылған жұрт музыка аспаптарын тамашалап қана қоймады, онымен ойналатын сазды әуендерді де тамашалады. Корейдің дауылпазы, орыстың балалайкасы - бәрі бірдей жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бірлік, әсте бір күндік тірлікпен шектелмейді. Ынтымаққа ықылас қойсақ қана, ырысымыз артады. Ұлы Абайдан қалған тағы бір ұлағатты сөз, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос».

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу