Қызылорда облысында күрішшілер егінге орақ салды. Күзгі жиын-терім науқанында 80 мың гектар алқаптан дәнді-дақыл жиналады, деп күтілуде. Биыл Сыр диқандары судың тапшылығына қарамастан жылдағы межеден кем емес өнім алуға үмітті. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы егіннің жай-күйін көріп, шаруалармен тілдесіп қайтты.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Дала төсінде қызу тірлік басталды. Шаруалар бұрынғыдай бір атызды тәуліктеп жинап жүрмейді. Қазір мынадай заманауи техниканың көмегімен бір сағаттың ішінде 2-3 гектар егінді жинап үлгереді.
Күзгі жиын-терімге аймақта 4 мыңдай ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Бүгінде күрішшілердің басым бөлігі материалдық-техникалық әлеуетін заман талабына сай жаңғыртқан. Егіс алқабында жаңа комбайн тізгіндеген механизаторлар межені артығымен орындап жатыр.
Асылхан Медебаев, инженер:
Ол кездерде Ресейдің комбайндары болды. Қазір шетелдік иномарка комбайндар американдық, германиялық бар. 25-30 күннің көлемінде бітірсек деп отырмыз.
Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов ауылының «Ер Әлі» шаруа қожалығы бүгінде көпке үлгі. Егінге тың технологияларды пайдаланып, аз сумен мол өнім алуға болатынын жыл сайын дәлелдеп келеді. Биыл да әр алқап бітік шығып, күріштің шығымы мол.
Әліби Бекжанов, шаруа қожалық төрағасы:
Су – үлкен мәселе. Ол суды үнемдеу. Жерді тегістеу. Өнім алу. Оның біз шегіне жеттік. Барлық 1700 гектардан 80 центнерден орташа өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Ол он жылдағы біздің үлкен жетістік.
Жазғы маусымда сырбойылық диқандардың аяқ су мәселесі Президенттің тікелей назарында болып, сала министрлігі оны шешуге үлкен күш салды. Мемлекетаралық келісімдердің арқасында жоғарыдан су жіберіліп, 80 мың гектар күріштік алқап кезекпен суарылып, егінді аман алып қалды.
Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Күріштің жағдайы әрине барлық жерде бір келкі емес. Енді су тапшылығы әрине өз әсерін тигізеді. Дегенмен де 500 мың тоннаға жуық өнім жинаймыз деген болжамымыз бар.
Қазір шаруашылық бригадалары күн-түн демей күріш оруға білек сыбана кірісіп кетті. Диқандар қазан айының ортасына дейін қамбаны дәнге толтыруды жоспарлауда.
Әділбек Серікұлы
