Қазақстанның Шығыс Еуропада ең сенімді серіктесі бар. Ол - Беларусь Республикасы. Бүгін Мемлекет басшысы осы елге ресми іссапармен барды. Екі ел арасында бірнеше келісімдер бекітіліп, жаңа іс-қимыл жоспарлары қабылданды. Қазақ пен беларусьтің ауылы аралас, қойы қоралас болмаса да халықаралық деңгейдегі жағдайларға қатысты ұстанымдары бір жерден шығып жатады. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына биыл 25 жыл болды. Осы уақыт ішінде түрлі салада 70-тен астам келісім бекітілген. Оның барлығы жоғары деңгейде орындалып келеді. Ал, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскіге барған бүгінгі ресми сапары аясында болашақта екі ел бірлесіп атқаратын жұмыстарды тағы да бекемдей түсті.
Беларусь астанасы кешелі бері тұманданып тұрған еді. Бүгін ерте таңнан қар жауып, коммуналдық қызметті әуреге түсірді. Дегенмен, екі млн. жуық тұрғыны бар қала өте таза. Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарына дайындық жоғары. Көшеде мемлекеттік тулар ілініп, құрмет көрсетілген баннерлерді қаланың әр жерінен байқауға болады. Ұшақтан түскен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Беларусь тарапы зор ілтипатпен күтіп алды. Минскі әуежайында Елбасын Беларусь Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Василий Матюшевский мен жақында ғана тағайындалған сол елдегі қазақ елшісі Ермұхамед Ертісбаев қарсы алды.
Ал, осы сәтте Беларусь Президенті резиденциясы қызу дайындық үстінде. Жоғары мәртебелі қонаққа арналған қызыл кілемнің түзу төселуі үшін бірнеше адам еңбектенуде. Протокол қызметі де қос Президенттің әрбір әрекетін қайта-қайта пысықтап әлек. Қос елдің мемлекеттік туы да түзетіліп қойылды, қыржымы жоқ, бір міні жоқ. Дайындықтың соңғы рәсімдерінің бірі қазақтың көк байрағы да тұғырына қонды. Зал салтанатты рәсімге дайын. Міне, қазақ басшысы отырған президент кортежі де жетті.
Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко өз резиденциясы алдында Нұрсұлтан Әбішұлына кең құшағын жайып ыстық ықыласын білдірді. Екі елдің бір-біріне деген сенімі мол. Саяси сахнада ұстанымдары үнемі үндес келеді. Қарсы алу сәтінен кейін ресми сапардың тиісті жоралғылары орындалып екі елдің Әнұраны шырқалды.
Бұдан кейін Мемлекет басшылары шағын құрамда кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты және маңызды мәселелерді талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Беларусь елін әрқашан жоғары бағалаймыз. Сіз ең ауыр кезеңде елді тығырықтан алып шықтыңыз. Қазіргі күні агроөнеркәсіп кешені бойынша Беларусь елі әлдеқайда алда. Қазір осы салада екі елдің алпыстан астам бірлескен кәсіпорны тұрақты жұмыс істеп келеді. Біздің елдер арасындағы байланыс өте белсенді. Сауда-саттықты арттыруға зор мүмкіндік бар. Қазақстан шығыс пен батысты байланыстыратын транспорттық мүмкіндікке ие. Жылына 200 мыңнан астам контейнер өткізуге шамасы бар.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
- Беларусь еліне деген сіздің құрметіңіз ерекше. Жалпы, екі елдің бір-біріне деген құрметі еш уақытта төмендеген емес. Сіздің бүгінгі сапарыңыз алдағы жұмыстарымызды одан әрі жақсартуға мүмкіндік берері сөзсіз. Бір-бірімізден алар үлгі көп. Астана қаласының өзі неге тұрады. Елдің астанасын көшіру тұрғысында сіздердің тәжірибелеріңіз өте ерекше. Одан басқа, біз Кеден Одағындағы үш елдің ішіндегі бір-біріне ең жақын елміз.
Жиын қорытындысы бойынша бірнеше үкіметаралық келісімдер бекіді. Ал, ең басты құжат екі елдің 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық әріптестік туралы келісімі. Бұл құжатқа Мемлекет басшылары қол қойды. Ресми сапар аясында екі ел кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтеді. Ол жерде жалпы құны 70 млн. доллардан асатын алты коммерциялық келісім бекиді деп күтілуде. Президенттің сапары ертең де жалғасады. Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымының мерейтойлық жиыны өтеді. Осы ұйым аясында бірнеше маңызды құжаттар қабылданады.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ