«Қайрат» пен «Пафос» тең түсті: Алғашқы ұпай – қоржында
Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Қайрат» командасы алғашқы ұпайын еншіледі. Кипрлік «Пафоспен» өткен ойын 0-0 есебімен тең аяқталды. Қос клуб та қауіпті шабуылдар жасағанымен, футболшыларға сәттілік жетіспеді.
Төреші ысқырығын шалған сәттен ойын тартысқа толы басталды. «Пафос» қорғаушысы Жоау Коррея 4 минутта-ақ ереже бұзып, қызыл қағаз алды. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері мүмкіндікті пайдаланып, допқа иелік ету көрсеткішін 62 пайызға жеткізді. 20-дан астам соққы жасады. Ойынның 72-минутында қонақтар «Қайрат» қақпасына гол соқты. Алайда төреші офсайд тіркеп, голды есепке алмады.
Қос клуб арасындағы ойын тең аяқталды. Алматылық команда қауіпті сәттер жасағанымен шабуылдары сәтсіз аяқталды. Алайда жанкүйерлер қолдауы бір сәт болсын тоқтамады.
Ойын соңындағы баспасөз отырысында «Пафос» футбол клубының бас бапкері Хуан Карлос Карседо «Қайрат» командасының ойынын жоғары бағалады. Қақпаны қорғау үшін 3 қорғаушыдан 5 қорғаушы тактикасына жиі көшкенін де атап өтті.
Хуан Карлос Карседо, «Пафос» футбол клубының бас бапкері:
Бүгінгі ойынға үш ұпай үшін келген едік. Қарсылас өзінің мықты тұстарын көрсете білді. Алайда ерте алған қызыл қағаз кездесу қорытындысына әсер етті. Спортшыларымыздың еңбегін бағалаймыз. Нәтиже біз үшін жаман емес.
«Қайрат» пен «Пафос» арасындағы
ойынды тамашалауға 16 мыңнан астам адам келген. «Қайраттың» бас
бапкері жанкүйерлер қолдауы командаға қосымша күш бергенін атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы ойындарда жеңіс сыйлау үшін дайындықты күшейтетінін айтты.
Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» футбол клубының бас бапкері:
Ұтпағанымыз өкінішті, бірақ офсайдтан соғылған гол есептелсе, одан да ауыр болар еді. Бүгін бір ұпай алдық, бұл да тәжірибе. Ендігі мақсат – алдағы ойындарға тыңғылықты дайындалып, әр матчта жеңіске ұмтылу. Осындай үлкен кездесулер біздің ойыншыларды шыңдай түседі.
Қызыл қағаз, офсайд мұның бәрі мүмкіндік еді. Бірақ қолдана алмадық. Бұл ойынның қаһарманы Темірлан Анарбеков болды. Сейфтердің салтанатын құрды. Оның шеберлігі болмаса, жалғыз ұпайдың өзі бұйырмас па еді?! «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңі тарихындағы алғашқы ұпайын еншілеп, 36-дан 33-орынға көтерілді. Алматылық футбол клубының алда әлі 5 ойыны бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
