Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Халық Скупщинасының төрайымы Майя Гойковичпен келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты негіздегі және халықаралық ұйымдардағы парламентаралық байланыстарды, саясат, сауда-экономикалық, көлік және индустрия-инновация саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Депутаттық достық топтарының желісі бойынша парламентаралық байланыстарды өрістету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Спикер Астанаға алғаш рет келген мәртебелі мейманға Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүзеге асқан экономикалық және саяси реформалардың барысы туралы хабардар етті.
Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева елімізге Сербия Республикасы Халықтық Скупщинасының төрайымы Майя Гойкович ханыммен кездесті. Парламентаралық қарым-қатынасты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелері талқыланды. Мәжіліс вице-спикерінің айтуынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Сербия Президенті Александр Вучичтің жоғары деңгейдегі кездесулері екі ел арасындағы саяси ынтымақтастықтың жарқын көрсеткіші. Қазақстан Сербиямен сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі. Ол үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, фармацевтика және туризм салалары басым бағыттар ретінде қарастырылады.
Индира БЕГАЙДАР