Алматыда Денис Тенді еске алуға арналған «Денистің достары» атты мұз шоуы өтті. Оған әлемнің әр қиырынан спортшының достары мен жанкүйерлері келіп қатысты.
«Алматы-Аренаның» мұз алаңында құстай қалықтаған мына спортшылар осы қойылымды досы Денис Теннің құрметіне арнады. Өйткені Денис мұз үстінде мәнерлеп сырғанаудың мәртебесін өсіруге өмірін арнаған еді. Алайда ол қамшының сабындай ғана аз ғұмыр кешсе де, артына өшпестей із қалдырды.
Жұпартас Болатқызы, көрермен:
Біз бүгін «Алматы Аренасына» келіп отырмыз. Денис Тенді есімізге алуға. Денис Тен біздің мәңігі жүрегімізде. Өйткені ол — Қазақстанды танытқан жас.
Денистің мұз үстінде атойлаған өнерін жанкүйерлері әлі ұмытқан жоқ. Оның талантын тани білген талғампаз көрерменнің спортшы туралы пікірінен де аңғаруға болады. Сондықтан мұз шоуына келгендердің қатары қалың болды.
-Денис Тен біздің спорт әлемі үшін, мына мәнерлеп сырғанау үшін бізге берілген Алланың бір сыйы шығар енді. Сондықтан бүгін сол концертке, Денис Теннің өнеріне бас июге келдік.
-Қазақстан бойынша осындай бізге атақ әкелген алғашқы спортшы. Денисті біз жақсы көреміз! Әлі біздің жүрегімізде!
Денистің достары оның ерен еңбегін ел есінде қалдыру үшін осындай мұз шоуын келер жылы да өткізбекші. Айтулы бастаманы жергілікті билік те қолдау көрсетуге ниетті. «Енді бұл іс-шара дәстүрге айналады деген сенімдеміз»,- дейді ұйымдастырушылар.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ