Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есеге ұлғайту керек. Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында Президент жауапты шенеуніктерге осындай тапсырма жүктеді. Себебі қазақтың байтақ жерінің аграрлық әлеуеті күшті. Қыруар қаржы құйса, мол олжаға кенелетінін шетелдік кәсіпкер де біледі. Алайда елімізге тартылған тікелей шетелдік капиталдың жалпы көлемі 3,2 пайыз болса, соның 1 пайызы ғана аграрлық салаға құйылған. Бұл – өте нашар көрсеткіш деген Қасым-Жомарт Тоқаев, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуге пәрмен берді.
Қазақтың жері кең, жайылымы мол. Қара жердің қадірін білетін адамға бұл – алтын қор. Өкінішке қарай еліміздің осы аграрлық әлеуетін кәдеге жарата алмай, инвестициялық ахуалына шетелдік бақуаттыларды қызықтыра алмай отырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Барлық халықаралық қаржы институттары Қазақстанның аграрлық әлеуеті зор екенін бір ауыздан айтады. Бірақ ол сөз күйінде қалып отыр. Демек біз нашар басқарушымыз. Басқаша қорытынды жасай алмаймын. Біз алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығында нақты серпіліс жасауымыз керек. Бұл ретте дамудың бағыт-бағдары айқындалуы тиіс.
Жер несібесінің экспорттық әлеуеті зор. Осы ретте, ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан шекара асыру үшін мемлекеттен 100 миллиард теңге бөлінбек. Үкіметің міндеті – қаражатты дер кезінде бөлу, экпортты арттыру.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бұл саладағы жағдайды біз өздерінің экспорттық нарықтары бар капиталдары ғана емес, жаңа өндіріс және өңдеу технологияларына сондай-ақ, бізідң өнімді танымал қылатын әлемдік брендтердің белгісімен экспорттау мүмкіндігіне инвестиция салатын трансұлттық компаниялар мен ірі өңдеушілерді тарту есебінен түбегейлі өзгерте аламыз.
Елімізде инвесторларды магнитше тартатын қолайлы жағдай жасалуы керек. Бірақ сала немесе өңір басшысы ауысқан сайын, шарттар да мың мәрте өзгермеуі тиіс. Себебі қолдау тетіктерінің тұрақсыздығы – инвестиция иірімінің тереңдеуіне тұсау болады. Сөйтіп, агробизнес тартымдылығын жоғалтады, табыстылығын төмендетеді.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер вице-министрі:
Жыл басталғалы шетелдік капиталдың есебінен іске асыруға әлеуетті 128 жоба анықталды. Оның дені тамақ өнеркәсібі, ауылшаруашылық техникасы, агрохимя және тағы басқа салаларға бағытталған. Шетелдік капиталдың көлемін көбейту үшін шілде айының соңына дейін елдің барлық өңірінен инвесторларға арналған фронт-кеңселер құрмақпыз. Шетелдік бизнесменге қажет құжат жұмыстардың барлығы осы жерде шешілмек.
«Қазақстан – аграрлық -индустриялық ел. Осы ретте, Үкімет ауыл шаруашылығы саясатын ілгерілетіп, қолдау шараларын ширату керек. Бірақ бұл жұмыстар да бұған дейін талай министрдің орындалмаған уәдесі мен керексіз болып қалған бағдарламаларының кебін құшпауы тиіс», -деді Президент.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ