Басты Жаңалықтар Сарапшы: Бір палаталы Парламентке көшу– көппартиялы жүйені дамытуға мүмкіндік

Сарапшы: Бір палаталы Парламентке көшу– көппартиялы жүйені дамытуға мүмкіндік

Сенат өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарды. Осылай деген Мемлекет басшысы Жолдауда бір палаталы Парламент құруды ұсынды. Бастаманы сарапшылар мен Парламент мүшелері жан-жақты талқылап жатыр. Бір палаталы Парламент жүйесі не үшін қажет? Оның тиімділігі не? 

Ақниет Балтанова, тілші:

Бір палаталы Парламентке көшу – ең алдымен бюрократияны азайтады, дейді сарапшылар. Яғни, заң шығару үдерісі жылдамдайды.  Қазіргідей Мәжіліс мақұлдап, Сенат қайта қарап отыратын көпсатылы жүйе жойылады. Жаңа өзгерістердің қабылдануына Президент 1 жыл уақыт берді.

2022 жылы қабылданған саяси реформалар аясында партия құру тәртібі жеңілдеді. Яғни, тіркеу үшін бұрынғыдай 20 мың мүшесі болуы шарт емес. 5 мың адам жиналса жеткілікті. Бірақ бұл сапаны төмендетпеуі тиіс, дейді саясаткерлер. Сондықтан 1 жыл ішінде партиялар өз бағытын нақты айқындап алуы керек.

Әлихан Бәйменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқару комитетінің төрағасы:

Біріншіден, партиялар өз құндылықтары мен өз бағдарламаларын анықтауы керек. Кейде депутаттардың сөздеріне қарап отырсаң, өз партияларының бағдарламасын білмейтін, не өз партияларының құндылықтарын басшылыққа ала алмайтын секілді болып көрінеді. Сондықтан шын мәнінде партиялар өздерінің ішкі дискуссияларын және халықтың алдына шығып, өздерінің ұстанымдарын, негіздеп үйренуі керек. Ол қай бағыттағы партия? Неге осы ұстанымды қолдайды?

Заңгерлер бір палаталы жүйе – мемлекеттік шығынды қысқартады деп отыр. Сондай-ақ заңнамалық құрылым түсінікті бола түседі. Яғни, жауапкершілік бір органға жүктеледі. Десе де бұл дәйекті тәсілді қажет ететін маңызды шешім. Сондықтан көпшілікпен талқылануы, жалпыхалықтық референдумда дауысқа салынуы – заңдылық. Сондай-ақ бір жағынан халықты саяси сауатын арттырудың бір жолы.

Серік Ақылбай, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы:

Президенттің демократиялық үрдіске бастап, басты мәселелерді халықпен бірге шешеміз дегенінен болған нәрсе. Бұл - «еститін мемлекет» деген қағида. Яғни, халықтың пікірін еске алып, ойларын тыңдағысы келеді деген сөз. Бұрынғыдай өздері істейді деген болмайды. Заңды тұрғыда қараған кезде демократиялық үрдіс, халықты билікке жақындату.

Жаһан елдерінің 70%-ы бір палаталы Парламент жүйесіне көшкен. Сондықтан бұл әлемде кең тараған басқару үлгісі десек болады. Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат та 2027 жылға жоспарланған жалпыұлттық референдумның қорытындысы шыққанша жұмыс істейді.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Бір палаталы Парламентті мемлекет ретінде жүзеге асыру – бұл бір жағынан демократиялық институттар дамытудағы басты қадамымыз. Екінші жағынан - бұл біздегі мына заңнамалық нормаларды тез әрі жедел жүзеге асыруға да мүмкіндік беретін болады. Бұл жерде Президенттің 1 жыл уақыт бергенінің астары – еліміздегі көппартиялы жүйені дамытуға мүмкіндік жасау.

Яғни, осы уақыт аралығында елдегі кез келген азамат саяси алаңда бақ сынауға құқылы.


Бөлісу