Басты Жаңалықтар Жол апатын азайту мақсатында заңға түзетулер енгізіледі

Жол апатын азайту мақсатында заңға түзетулер енгізіледі

Елімізде көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент арнайы тоқталған еді. Қазір өңірлерде апаттардың алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция жұмысының басты бағытының біріне айналды.


Жақсыбек Кемал, тілші:

Жыл басынан бері облыста 1271 көлік апаты тіркеліп, 1865 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Өкінішке қарай, 64-і қаза тапты. Сондықтан жол сақшылары апаттың алдын алу мақсатында күндіз-түні қызмет істеп жатыр. Жол бойындағы камералардың барлығы іске қосылған.


Бекжан Елеусізовтің Ішкі істер саласына келгеніне 13 жылға жуықтаған. Соңғы үш жылда патрульдік полиция ротасында қызмет етіп келеді. Оның айтуынша, көлік апаты алыс жолға шығатын жүргізушілердің уақытылы демалмауынан, қарсы бағытқа шығудан және жылдамдықты шектен тыс асырудан болады. Мұндай жол-көлік оқиғалары көлік ағыны көп «Самара-Шымкент» тасжолында жиі тіркеледі.


Бекжан Елеусізов, Патрульдік полиция ротасының взвод командирі:

Жер көлемімен де Ақтөбе облысы ең бірінші орында, өзіңіз білесіз. Сол себептен қазіргі таңда біздің қызметкерлер 12 сағаттан қызмет атқарып жатыр. Қазір бізде «Автоураган с» деген программа бар, «Итим-патруль», «ПаркРайт С» деген құрылғылар бар. Солармен қызметкрелер қызмет атқарады.


Облыстағы ең қауіпті жол учаскесінің бірі - Ақтөбе-Хромтау бағыты. Күн сайын бұл жолмен он алты мыңдай көлік өтеді. Олардың арасында көрші елдердің азаматтары да көп. Халықаралық жол бойындағы жол сақшыларының жұмысы аса жауапты.


Жасұлан Көлжанов, көлік жүргізушісі:

Камераның қойылуы да, жол бойындағы патрульдерге көп рахмет. Патрульдердің екі-үшеуі жүреді. Оның өзі бізге үлкен көмек. Өйткені оң жақтағы бағыттан, мысалы, Жазықтың қасында обгон жасамайды. Өйткені патрульдің Жазық пен Ақжардың ортасында тұратынын біледі.


Полицейлер жол апатының алдын алу мақсатында ең тиімді әдістерді қолдануға көшті. Заманауи, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Мобильді тіркеу кешендері жұмыс істеп тұр. Жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіледі.


Айбек Борашев, жергілікті Полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Президент атап өткендей, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекеттік басты басымдығы болуы тиіс. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жолдардағы апаттардың азаймай отырғаны - трассаларда адамдар өмірінің қиылуы ерекше алаңдатып отыр. Трассалар мен жолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркейтін интеллектуалды бейнекамералар тіркелді. Олардың саны жылдан жылға артуда.


Мемлекет басшысы Жолдауында бұл салада біраз шаруа атқарылып жатқанын, соған қарамастан көлік апаттарының азаймай тұрғанын айтты. Саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны жақын уақытта қабылдау керектігіне де тоқталды. Полицейлер жол апаттарының алдын алуға бағытталған мұндай шаралардың нәтиже береріне сенімді.


Бөлісу