Елбасының тапсырмалары аймақтарда іске аса бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Елбасының тапсырмалары аймақтарда іске аса бастады

Елбасының тапсырмалары аймақтарда іске аса бастады

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезіндегі Елбасының тапсырмалары аймақтарда іске аса бастады. Мәселен, Алматыда көпбалалы аналардан жеңілдетілген бағдарлама бойынша тұрғын үйге өтініш қабылдау жүріп жатыр.

Сондай-ақ, Алатау ауданындағы 440 көшенің жөндеу жұмыстарына 7 миллиард теңге бөлінді. Аймақтағы басқа да мәселелер қалай шешілмек.

Алматы - еліміздің ең ірі қаласы. Халық көп болғандықтан әлеуметтік мәселелер де шаш етектен. Бірақ, тұрғындардың басты мұңы-баспана. Қазір үй кезегін күткендердің саны - 22 мыңнан асады. Олардың жартысына жуығы әлеуметтік мұқтаж жандар. Сондықтан, алдағы бес жылда 23 мың пәтер салынбақ. Сондай-ақ, 12 шағын ауданның жолдарын жөндеуге жергілікті бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінеді.

Олжас Сүлейменов, ақын, ҚР Еңбек Ері:

Қазір жаңа үкіметтің алдына қойылған міндеттер өте жауапты. Олардың бұл істі қалай алып кететінін уақыт көрсетеді. Бірақ, іс-қимылдың басталғанын көріп отырмыз. Президент мемлекеттік қазынадан қаншама қаржы бөлінетінін айтты. Ал, соны тиімді пайдалану маңызды.

Режиссер Рүстем Әбдірашев съезде айтылған сөздер уақытша ұран болып қалмай, күнделікті назарда болуы керек,-дейді. Қоғамды толғантқан мәселелерді ашық көрсететін киноларға қаржы бөлу керек, деп есептейді ол. Өйткені, кино қазіргі қоғамдық ой-пікірдің айнасы іспетті.

Рүстем Әбдірашев, режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Кинода тек қана бір жеңіл-желпі комедиялық күлкі, сайқымазақтың айланасында ғана емес осы қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың бар екенін көрсететін кинолар жасалуы керек. Қазір жастар жасап жатыр. Кейбір билікте жүрген адамдар оны түсінбеуі де мүмкін. Сіздер неге біздің қоғамымыздың керек жоқ жақтарын көрсетіп жатырсыздар деп, ол дұрыс емес. Оны айту керек, оны көрсету керек.  Сөз түсінетін адамға сүйекті тесіп өтетіндей сөз айтылды.

Алматыға соңғы жылдары жаңа аудандар қосылып, аймақтың инфрақұрылымын дамыту қиынға соқты. Сондықтан, қала әкімі биыл бюджетті қайта қарап, орынсыз шығындарды азайтуды тапсырды. Мәселен, орталық көшелерді көгалдандыруға кететін қаржы жаңа аудандардың әлеуетін көтеруге жұмсалмақ. Осы жылы қалада жалпы ұзындығы 111 шақырым болатын 120 көшенің жолы жөнделеді. Сондай-ақ, Алатау ауданының 440 көшесінде құрылыс жұмыстары басталмақ.

Аманкелді СЕЙТХАН                                  

Бөлісу