Несиелік серіктестік мемлекеттік бағдарламамен үй әпереміз деп талай тұрғынды алдап соққан
Несиелік серіктестік мемлекеттік бағдарламамен арзан үй әпереміз деп алдап соқты. Осылай деп шағымданған ақтөбелік тұрғындар құзырлы органдардан көмек сұрайды. Компанияның уәдесіне иланған жұрт серіктестік шотына миллиондап қаржы салған. Енді олар жарты жылдан бері баспана түгіл өздерінің ақшаларын кері қайтара алмай сабылып жүр.
Жібек Иманғазина былтыр қыркүйек айында өзі алмақ болған пәтердің 40 пайыз құнын серіктестік шотына аударған. Компания басшысы оған екі ай ішінде жаңа пәтерге кіресіз деп сендіріпті. Алайда, содан бері бірнеше ай өтті.
Жібек Иманғазина, қала тұрғыны:
- Компанияға сеніп, ақшаны «Халық банк» арқылы салдым. Одан бері 6 ай өтті.
Жібек секілді алдандық деген салымшылар бүгін серіктестік кеңсесіне басып кірді. Олардың арасында ауылдағы үйлерін сатып, далада қалғандары да бар. Әрқайсысы кемінде миллион, 1,5 млн теңгеден салып үлгерген.
Нағашыбай Үмбетов, қала тұрғыны:
- 5 ай болды, «үйіңе бар, ақшаны жібердім» деп күнде айтады.
2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серіктестіктің мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына ешқандай да қатысы жоқ екені белгілі болды. Салымшыларға берілген несие де компанияның өз қаржысы екен. «Баспананың берілмеуіне дәлелді себептер бар», - дейді.
Жанат Есниязова, серіктестік басшысы:
- Қыркүйекте алғашқы ақшасын салады да, құжат жинай бастады. Ол үйдің құжаттары келіспейді де, басқа үй іздеп, оның бағасын жасайды, келісімшартын жасайды. Бәрінің де уақыты бар. Келісімшартта бәрі жазылған. Бұл жерде бұл кісілер айтқандай алдау жоқ. Біз заңмен жұмыс істейміз.
Амалы таусылған тұрғындар құзырлы орындардан көмек сұраған. «Алайда, шағымдарымыз дер кезінде қаралмай жатыр», - дейді. Сондықтан бүгін облыстық прокуратураға келіп арызданды.
Жасұлан Дәулембаев, облыстық прокуратура аппаратының жетекшісі:
- Бұл кісілер бірінші рет келіп тұр. Ақпанның 2-сі күні қалалық прокуратураға арыз жазған. Қалалық прокуратура арызды Ішкі істер органдарына жіберген.
Осылайша тұрғындардың прокуратура мен соттың жауабын күтуден басқа амалдары жоқ. Олар баспанаға зәру басқа тұрғындардың өздерінің қателігін қайталамауын тілейді.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
