Ауған соғысы аяқталған күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауған соғысы аяқталған күн

15.02.2019

30 жыл бұрын дәл осы күні Ауған соғысы аяқталды. Он жылға созылған қанды майданда мыңдаған адам қаза болып, 10 мыңдағаны жарақат алғаны мәлім. Кеңес үкіметі келмеске кетсе де, бұл дата ТМД елдерінде жыл сайын аталып өтеді. Өйткені осы соғыста бір атаның баласындай бірігіп, бітімгерлік үшін күрескен батырларға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың борышы.

Ауған соғысының ардагерлеріне тағзым ету үшін ел бойынша арнайы түрлі шаралар ұйымдастырылды. Ал, Альбина Әшім осы майданды өз көзімен көріп қана қоймай, шынымен от пен оқ ортасында жүрген қазақ жауынгерімен жүздесіп қайтты.

Әскери-техникалық музейдің бір бөлмесі толық Ауған соғысына арналған. Бүгінгі ұрпақ үшін мұның бәрі тарих парағы болса, Қайрат Жанабаев сол соғысты өз көзімен көрген. Суреттер мен солдат киімі бастан өткергенін еске салып берді. Ол кезде ардагер небәрі 18-де еді.

Қайрат Жанабаев, Ауған соғысының ардагері:

- Бізге Батуми қаласына барасыңдар деді. Қуандым. Бірақ онда барған соң сіздер 3 айлық оқу орталығына түстіңдер, Ауғанстанға дайындаймыз деді. Осындай бұйрық келді.

Жігіттік өмірдің қызығында жүрген бозбалалардың тағдырын шешкен бұйрық, міне, осы. 1979 жылдың 12 желтоқсаны. «Аса құпия» қаулы. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының орталық комитеті Ауғанстанға кеңес әскерін кіргізу туралы шешім қабылдайды. Ресми себеп - Ауғанстан билігінің бірнеше мәрте көмек сұрауы. Іс жүзінде бұл әрекет арқылы Ауғанстан ісіне араласып жатқан шетелдік армияның қаупін жою еді.

Интернационалдық борышты орындау үшін Ауғанстанды картадан ғана көрген талай бозбала ауылдарынан аттанды. 10 жылда Ауған соғысында Кеңес үкіметінен 500 мыңнан астам әскери қатысқан. 14 427 адам қаза тауып, 53 мыңдайы жарақат алған. Қазақстаннан бұл майданға 22 269 адам аттанған. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Жарақаттанғандары – 1770 адам. Ауған соғысына қатысқаны үшін 4377 қазақстандық жауынгер әртүрлі жоғары деңгейдегі марапат алды.

Қайрат Жанбаев, Ауған соғысының ардагері:

- Соғыс аяқ астынан басталып кетеді. Қауіптің қай жақтан келетінін болжай алмайсың. Қиындықтар көп болды.

Міне, от пен оқ ортасында жүріп, қатарластарын да қара жерге тапсырған жауынгерлер – бүгінде елге сыйлы ардагерлер. Қазір республика бойынша Ауған соғысы ардагерлерінің отыздан астам ұйымы бар. Қайрат аға Алматы облыстық ұйымға төрағалық етеді. Ал, 30 жыл бұрын аяқталған соғыстан аман оралуын тағдырдың сыйы санайды.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу