Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына - 30 жыл. Осыған орай, Алматыда Ауғанстандағы шиеленіскен жағдайды реттеу мәселесі тақырыбында конференция өтті. Жиында ауған соғысы ардагерлері мен осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар пікір алмасты. Сондай-ақ, қазақ елінде оқып жатқан ауғандық жастар мен осында тәжірибе алуға келген шетелдік журналистер қатысты.
Ауғанстанда болған 10 жылға созылған соғыс өткен ғасырдағы ең үлкен қасіреттердің бірі. Деректерге сенсек, сол майданға Қазақстаннан 22 мыңнан астам адам қатысқан. Олардың 924-і ұрыс даласында қаза тапса, 20-дан астамы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Ал, мыңнан астамы майданнан мүгедек болып оралды. Қазір ортамызда 18 мыңға жуық ардагер бар.
Өміртай Бітімов, «AFGQAZ» Қазақстан-Ауғанстан даму және әріптестік қауымдастығының төрағасы:
- Соғыс оңай болған жоқ. Ол соғыс, өкінішке қарай, әлі де жалғасып жатыр. Бірақ, сол соғыстан қорытынды жасап, ондай соғыс бізге келмесін, қауіп-қатерлер, радикалимз, экстремизм, есірткі мәселелері біздің жаққа аумасын.
1978 жылы басталған соғыс өрті ауған жерінде әлі күнге дейін өшпеген. Ауғанстаннан келген қонақтардың айуынша, қазір жағдай тіпті шиеленіскен. Олар күн сайын жарылыс пен оқтың ортасында 30, 40 адам көз жұматындығын айтты. Арасында бейбіт халық та бар. Мәселен, былтыр 17 журналист жұмыс барысында қаза тапқан.
Шугни Яр Хуссаин, Ауғанстан Ислам Республикасы Бас консулының міндетін атқарушы:
- Біздің халқымыз 40 жылдан бері қиналып келеді. Ең ауыры, бұл соғыстың қашан бітетінін ешкім білмейді. Қандай халықаралық келісімдер жүргізілсе де, айтарлықтай нәтиже көріп жатқанымыз жоқ. Дегенмен, Қазақстан елінің басшысына алғыс айтқымыз келеді. Өйткені, үнемі көмектерін аямай, барынша қолдау білдіреді.
Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Бізге Ауғанстандағы халықаралық коалиция күштері шығарылған соң қандай жағдай қалыптасатыны маңызды. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды оңалтып, бейбітшілік орнату процесіне қатысуға дайын» деген еді. Қазір осы мақсатта бірқатар жұмыс атқарылып, Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіліп келеді. Бүгінге дейін 500-ге жуық ауғанстандық студент елімізде тегін білім алып жатыр. Ал, әскери борышын өтеп, Ауған жеріндегі соғысқа қатысқан ардагерлер өздеріне айрықша мәртебе беріліп, әлеуметтік көмек көрсетілгендігін қалайды.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.