Қылмыс түбі – жаза. Жеткіншектер қылмысқа қалай барғанын айтып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қылмыс түбі – жаза. Жеткіншектер қылмысқа қалай барғанын айтып берді

Қылмыс түбі – жаза. Жеткіншектер қылмысқа қалай барғанын айтып берді

Енді мектеп жасындағы балалардың қылмысына қатаң жаза қолданылады. Ішкі істер министрлігі соңғы күндердегі оқиғалардан кейін мектепте бақылау мен тәртіпті күшейтпек. Ал, біздің алматылық тілшіміз бүгін аса ауыр қылмыс жасаған балалар тәрбиеленетін мекемеге барып келді. Ондағы жасөспірімдермен тілдесіп, мектепішілік төбелес кезінде кісі өлтіріп қойған балалармен де сөйлесіп қайтты.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бұл кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің қылмысының жазасын өтеуге арналған еліміздегі жалғыз мекеме. Алматы қаласында орналасқан түзету орталығында қазір 46 бала отыр. Олардың ең кішкентайының жасы небәрі 14-те ғана. Сондай-ақ, 11,5 жылға сотталған бозбала да бар.

Мұндағы балалардың түрін түсіруге рұқсат жоқ. Бірақ олар істеген қылмыстарын жасырмайды. Ойларын ашық жеткізіп, қылмысқа қалай барғандарын да айтып береді. Мәселен, өзін таныстырмаған мына бала екі апта бұрын ғана 18-ге толған. Ол осында 2 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Айтуынша, өзінен үлкен балаға еріп, кісі өлтірген. Сот қасындағы досын 18 жылға, өзін 11,5 жылға темір торға қамаған.

Тәрбиеленуші:

- Досым екеуміз болдық. Сол кезде жасымыз 15-те. Досым адам өлтірді. Мен де бірге жазаландым. Анам үнемі түн ортасына дейін жүрмей, үйге келуімді айтып отыратын. Соны түсінбедім, тыңдамадым.

Темір торға қамалған балалардың көбі - адам өлтіргендер. Олардың ішінде мектеп жасындағы төбелесте қателік жасағандар да бар. Мысалы, бұл жігіт өзінен бір сынып жоғары оқитын балаға пышақ сұғып, өлтіріп қойған. Сот 8 жыл бас бостандығынан айырған. 19 жастағы бозбала өмірінің 4 жылын осында өткізді.

Тәрбиеленуші:

- Мектептің ішінде болған. Өзімізден бір жас үлкен балалармен төбелестік. Сол кезде жігіт қайтыс болды. Бостандықты аңсайсың. Үйде ата-анам, бауырларым, туыстар бар. Олар қанша келіп тұрғанымен, бостандықта көріскенге не жетсін.

Мұндағы балалар ата-аналарын да жиі көрмейді. Жылына 4 рет, жеңілдетілген жағдайда 6 рет кездесуге рұқсат бар. Мысалы, Ерболдың бүгін ұлының туған күні. Соған орай ол Жаркенттен екі күнге келген. Баласының болашағына алаңдаған әке оны көрсеткісі келмеді. Тіпті, қандай қылмыс жасағанын да айтпады. Тек, басқа ата-аналардан баланы үнемі қадағалап отыруды өтінді.

Ербол Құрманғожанов, Алматы облысының тұрғыны:

- Балаға қатал тәртіп керек екен. Үйде қолын бос ұстатпау керек екен. Тірлікпен айналыссын. Телефондағы әрнәрсені көрсетпеу керек.

Ерболдың бұл сөзін мамандар да құптайды. Олардың айтуынша, жеткіншектердің көбі қылмысқа білместікпен барады.

Ертай Шәкенов, «ЛА-155/6 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығы:

- Мектептерде заңдарды үйрету керек. Балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Балалармен сөйлесеміз, шаралар өткіземіз.

Қазір тәрбиелеу мекемесінде 46 бала бар. Олардың 9-ы 18 жастан асып кеткен. Кейбірі 21-ден асқаннан кейін үлкендердің түрмесіне ауыстырылса, мерзімі жеткендер бостандыққа шығады. Биыл 15 бала жазасын өтеп, үйлеріне аттанбақ.

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу