Азық-түлік сатып аларда сақ болыңыз! Қазақстан нарығында жалған 6,5 мың сертификатпен ішіп-жейтін өнім сатылған. Мұны Қоғамдық денсаулық сақтау органы арнайы тексеріс барысында анықтаған. Оның жартысынан көбі импорттық тамаққа тиесілі. Қазақстанда жасалған кей өнімдер де жалған құжатпен саудаланған.
Шағын сауалнама нәтижесінде көбі сатып алатын азық-түліктің жарамдылық мерзіміне, құрамына мүлдем мән бермейтіні белгілі болды. Былтыр тиісті органдарға тағам сапасынан сан соққан 500-дей адам арызданған. Олар мерзімі өтіп, іріп-шіріп кеткен тамаққа шағымданыпты.
Данагүл Қасқатаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы:
- Тексеріс нәтижесі бойынша 6,5 мың жалған сертификат анықталды. Оның 3500-ін Ресейдің сәйкестікті растайтын органдары берсе, 2,5 мың сертификатты ҚР органдары берген.
Тексеріс кезінде сырттан келетін азық-түліктің 70 пайызға жуығының құрамы қорапта көрсетілген ақпаратқа сәйкес болмай шыққан. Әсіресе, сүт өнімдерінің 99 маркасы. Ресми орган өнімдерге сертификат бермес бұрын жіті сараптама жасайды, терең тексереді.
Болат Зейнолда, Ұлттық аккредиттеу орталығының бас маманы:
- Ол үшін олар сынақ зертханасына барып, өз өнімін сынайды. Өнім техникалық регламенттер мен стандарттарға сай деген хаттама берілсе ғана, өндіруші сәйкестік сертификатын алады.
Құжат адам денсаулығына қауіпті азық-түлікті нарыққа жіберуге тосқауыл қояды. Ал, жалған сертификаттар құлқын қамын ойлаған пысықайлардың жымысқы әрекеттерінің салдары деген құзыреттілер осы ретте бақылауды күшейтпек.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.