Басты Жаңалықтар Ақтөбеде Жаңа жыл мерекесі күндері жәдел жәрдем бір тәулікте 120 рет шақыртуға барған

Ақтөбеде Жаңа жыл мерекесі күндері жәдел жәрдем бір тәулікте 120 рет шақыртуға барған

Ақтөбеде Жаңа жыл мерекесі күндері дәрігерлер қауырт жұмыс істеді. Жедел жәрдем ауруханасына түскендер саны әдеттегіден едәуір көп болды. Былайғы күндері 100 адамға көмек көрсетілсе, демалыс күндері олардың саны 120-130-ға жеткен. Науқастардың арасында отшашу атамын деп опық жеген тұрғындар да бар.

30 жастағы жігіт жаңа жылды отшашумен қарсы алмақ болған. Алайда, ойда жоқта пиротехникалық өнімнің сапасыздығынан ауруханадан бір-ақ шықты. Ақтөбелік тұрғын отшашуды тұтатпақшы болып қолына ұстап тұрған сәтте аяқасты жарылып кеткен.

Жақия Байзуллин, облыстық Жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Жағдайы қалыпты. Түскен кезінде жедел ота жасадық. Екі қолында да жарақаттар болды. Әлеуметтік желіде тараған оның саусақтары жұлынып кетті деген ақпарат жалған. Менің ойымша, пиротехникалық өнім сапасыз болған немесе науқас оны дұрыс қолданбаған болуы мүмкін.

Мереке күндері жедел жәрдем бекетіне 500-дей шақыру түскен. Мамандар бұл әдеттегіден едәуір көп дейді. Қазір ауруханада жатқандардың көбі тұрмыстық жарақат алғандар. Атыс қаруы мен пышақ жарақатымен түскендері де бар.

Сәкен Қапанов, облыстық Жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

- Арақ ішкендер бар. Пышақпен жарақат алғандар бар. Сосын бір адам оқ жарақатымен келіп түсті. 35 жастағы жігіт өзіне-өзі мылтық атқан. Қазір жарақаты ауыр.

Жаңажылдық мереке күндері Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының да жұмысы қауырт болды. Облыс бойынша 11 жерде өрт шыққан. Абырой болғанда адам аман. Бірақ, бір отбасы баспанасыз қалды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Мереке күндері Ақтөбе қаласында үш өрт оқиғасы тіркелді. Оның бірі саяжай аумағында орналасқан үй. Баспана тұруға жарамсыз болып қалған. Қазір өрттің неден шыққандығы анықталып жатыр.

Әзірге шығын көлемі де хабарланбады. Ал, жергілікті билік қыс ортасында баспанасыз қалған жанұяға көмек көрсету жағын қарастырамыз деп отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу