Атыраудағы Жайық өзенінде балық әлі қырылуда. Мұз астындағы өлекселерді қоспағанда бүгінде 5 тонна өлі балық жиналды. Сондай-ақ, өңірдегі бекіре өсіру зауыттарында да 200 данаға жуық балық қырылып қалған. Мұның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Олар аймақтағы өзенге су жіберетін төрт ірі зауытты тексеруде. Өзеннен де сынама алып, зертханаға жіберді. Оның алғашқы нәтижелері бойынша, судан улы заттар анықталмаған. Алайда, тексерілген балықтың етінен аммиак табылды. Тәуелсіз сарапшыларға жүгініп, су құрамын зерттеген қоғам белсенділері де алынған сынамадан қауіпті ештеңе таппаған. Дегенмен, олар су қоймасынан балық аулауға және оны сатуға уақытша тыйым салынса деп отыр.
Арман Хайруллин, қоғам белсендісі:
- Су сынамаларына жасалған сараптама бойынша, оның құрамындағы 6 химиялық элемент бойынша тексерулер жүргізілді. Сондай-ақ, ондағы концентрация шектен аспайтынын көрсетті. Дегенмен, біз балықтың құрамында улы заттардың барына сенімдіміз. Оны аулап, сатуға тыйым салса екен деген тілек-талабымыз бар. Өйткені, халықтың денсаулығына үлкен зиян келуі мүмкін.
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.