Басты Жаңалықтар АҚШ пен Кариб аймағы елдері арасында шиеленіс күшейе түсті

АҚШ пен Кариб аймағы елдері арасында шиеленіс күшейе түсті

АҚШ әскерилері Кариб аймағында есірткі тасымалдады деген күдікпен тоғызыншы рет әуеден тағы бір азаматтық қайыққа соққы жасап, үш адамды мерт қылды. Бұл осы өңірдегі елдердің алаңдаушылығы мен наразылығын күшейтті. Венесуэла тіпті өз жағалауында әскери жаттығулар бастап кетті.

АҚШ әскері тоғызыншы соққыны Колумбия мен Эквадордың теңіз шекарасына жақын, Тынық мұхитының шығыс бөлігінде жасады.  Пентагон нақты дәлел келтіре алмаса да, бұл операция Венесуэладан шыққан «Есірткі тасымалдаушы қайыққа қарсы бағытталды деп отыр. Трамп әкімшілігі есірткі тасымалына қарсы әскери науқанын қыркүйекте бастаған еді. Бірнеше аптаның ішінде әуе соққылары арқылы қырыққа жуық адамды мерт қылды. Бірақ Трамп есірткі картелдерімен күресті күшейтпесе, тоқтатпақ емес. Тіпті Пентагонға Венесуэла жерінде де әскери операциялар жүргізуге рұқсат бергенін бүгін де растады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

Теңіз арқылы келетін есірткі күрт азайды, қазір 5 пайызға да жетпейді. Енді олар құрлық арқылы тасып жатыр. Бірақ олар да алаңдаулы, себебі мен әскерилерге: келесі қадам — құрлық деп айттым. Біз Сенатқа, Конгреске барып хабардар етеміз. Олар  бұған қарсы шықпайтын шығар. Себебі елімізде есірткі жылына 300 мың адамды өлтіруде.

Заң бойынша мұндай әскери операциялар Конгрестің мақұлдауын талап етеді. Алайда президент есірткі картелдеріне қарсы соққы жасау үшін тіпті ол өзге елдің аумағында болса да, заң шығарушы органның соғыс жариялауы қажет емес деп санайды.  Бірақ соған қарамастан, АҚШ соңғы апталарда аймақтағы әскер қуатын күшейтті. Қазір өңірде эсминецтер, десанттық кемелер, сүңгуір қайық, жойғыш ұшақтар, барлау дрондары мен қосымша 6500 сарбаз орналастырған. Венесуэла бұл әрекеттерді қатаң сынға алды. Каракас Вашингтонның мақсаты тек есірткі трафигіне қарсы күрес емес, президентті биліктен тайдыру арқылы Венесуэланың мұнай қорына қол жеткізу деп мәлімдеді.  Мадуро да қарап қалмады. АҚШ-тың әрекеттеріне жауап ретінде ауқымды әскери жаттығу бастап кетті. Әрі елдің әр аймағында Igla-S зениттік жүйесін орналастырғанын жариялады.

Николас Мадуро, Венесуэла Президенті:

Әлемдегі әрбір әскери күш Igla-S жүйесінің күшін біледі және Венесуэла өзінің халқын бейбітшілік, тұрақтылық пен тыныштықпен қамтамасыз ету үшін маңызды әуе қорғаныс нүктелеріне 5 мыңнан кем емес Igla-S орналастырды. Білетіндер  түсінеді. Бұл бізге нысанаға дәл тигізуге мүмкіндік береді. Бізде әр тауда, әр ауылда, әр қалада мыңдаған Igla-S операторлары бар, солар арқылы біздің Отанымыз мүлтіксіз қорғалады. Венесуэланы ешкім қорқыта алмайды, өйткені біз де ешкімді қорқытпаймыз.

Колумбия да АҚШ-тың әрекеттеріне алаңдаушылық білдіріп, халықаралық қауымдастықты араласуға шақырды.

Густаво Петро, Колумбия Президенті:
Бұл – халықаралық заңды бұзу және бейбіт тұрғындарға қауіп төндіру. Әлем бұл зорлыққа қарсы тұруы керек.
Ондаған жылдар бойы Кариб аймағы бейбітшілік өңірі саналып келген. Енді әскери күштердің күшеюі мен елдер арасындағы шиеленіс бұл аймақтағы миллиондаған адамды алаң күйге түсірді.


Бөлісу