Басты Жаңалықтар Мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Садуақасовтың туғанына - 120 жыл

Мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Садуақасовтың туғанына - 120 жыл

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Садуақасовтың туғанына - 120 жыл. Осыған орай, арда азаматтың Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Сондай-ақ, Алатау ауданының орталық көшелерінің бірі Жанайдар Садуақасовтың атына берілді.

Бұрынғы Фурманов, қазіргі Назарбаев көшесінің бойындағы мына үйде Алаштың ардақты перзенті Жанайдар Садуақасов 1930-1937 жылдар аралығында тұрған. Өмір бойы халыққа қызмет еткен абзал азаматты соңғы рет осы үйден алдап шақырып, тұтқынға алған. Содан қайтып оралмаған қайсар тұлға «Сталиндік репрессияның» құрбаны болған.

Құрман Садуақасов, Жанайдар Садуақасовтың бауыры:

- Ол кісілерді жазалауға ұстаған уақытта мен екі жаста қалған екенмін. Міне, енді бүгін қазір 83 жасқа келіп тұрмын. Еліміз егемендік алғаннан кейін Елбасымыз сол қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш қайраткерлерін еске алу күнін бекітті. Міне, соның нәтижесінде ағамыз Жанайдар Садуақасов еліне, халқына, содан кейін жас ұрпаққа таныла бастады.

Халқым деп отқа да, суға да түскен Жанайдар Садуақасұлы XX ғасырдың басында қазақ қоғамының болашағы үшін аянбай тер төккен. Халықты аштықтан құтқару жөніндегі комиссияны басқарып, елдің ертеңі үшін басын бәйгеге тіккен.

Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы:

- Жанайдардың арқасында нәубет жылдары мыңдаған адам ажалдан аман қалды. Ол халыққа көмек ұйымдастырып, жүздеген керуен жіберіп, Орталық Қазақстанда әсіресе, апатқа ұшыраған Жаңаарқа, Шет, Сарысу аудандарына азық-түлік жеткізген болатын.

Зұлмат жылдары зиялылардың алдыңғы сапында болған тау тұлға қазақ руханиятына да ерен еңбек сіңірген. Қазақ тілі мен жазуын мемлекеттік деңгейге көтеруге де алғашқылардың бірі болып араласқан атпал азамат болған.

Бейбіт Қойшыбаев, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Қазақты ел қылу, мемлекетін жандандыру деген мәселелердің бәріне белсене араласқан. Сондай азамат болғандықтан да біз мұны Алаш азаматы дейміз.

Жанайдар Садуақасұлының әдебиет пен мәдениетке де қосқан үлесі айрықша. «Бірақ, тоталитарлық жүйе оның еңбегі түгіл есімін де айтқызбады», - дейді ғалымдар. Дегенмен, Тәуелсіздік алғалы арда азаматтың есімі қайта жаңғырды.

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу