Астанадағы №8 орта мектеп жаңа оқу жылына дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы №8 орта мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

27.08.2018

№8 орта мектептің алдына жиналған елордалықтар бұл білім ордасының жаңа оқу жылына дайын емес екенін айтып, журналистерге шағымданды. Есілдің оң жағалауындағы мектепке қатысты дау былтыр басталған еді. №8 мектепте сабақ оқу балалар өміріне қауіпті деп танылған соң, Білім басқармасы келесі оқу жылына дейін 1500 оқушыны 3 мектепке бөліп тастауға мәжбүр болды. Алайда, Білім басқармасы уәдесінде тұра алмаған сыңайлы. 

Бұл – өткен оқу жылына өкпесі көп, жаңа оқу жылына үміті жоқ ата-аналардың айқайы. Былтыр арнайы құрылған комиссия №8 орта мектепті бір жылға күрделі жөндеу жүргізуге жауып тастап, балалар басқа білім ордаларында оқуға мәжбүр болды. Уәде бойынша оқушылар биыл өздерінің мектептерінде білімдерін жалғастыруы тиіс еді. Алайда, ата-аналар мен балалар жаңа оқу жылында ескі түйткілге қайта тап болды.  

Бұдан бөлек, «басқа мектептерге жүріп-тұру алыс», - дейді ата-аналар. Ал, үшінші ауысымда оқитын балалар сабақтан кешкі сегізде бір-ақ босайды екен. Сондықтан, ата-аналар оларды әр жерге сандалтпай, осы маңайдан жаңа бір мектептің берілуін дұрыс санайды.

Болатхан Тасболат, қала тұрғыны:

- Бір мектеп болса да, беруге болады ғой. Балаларды бөліп-бөліп тастайды. №4 мектепте қызым оқып жатыр. Сол қызым «әке, біз дәлізге шыға алмаймыз», дейді. «Не себепті?» десең, «апай айтты», дейді. Бала кең, жақсы жағдайда өспесе, оны оқыттың не, оқытпадың не?

Тарлықтың қорлығына шыдағысы жоқ ата-аналар балаларын осы ескі мектепте-ақ оқытуға дайын. Алайда, білім ордасының қазіргі жағдайы мәз емес. Бір жыл қаңырап тұрған ғимаратта бұрын мектеп болғанына сенудің өзі қиын. Тек мына қабырғадағы сый-марапаттар өткен күннің жетістіктерін еске салып тұрады.

Мектеп 2007 жылы апатты жағдайда деп танылған. Сол уақыттан бері 11 жыл өтті. Яғни, 2007 жылы 1-сыныпқа барған бала мектепті тәмамдап та үлгерді. Ал, бұл мектептің ғимараты сол күйі қалған.

Төбесінен аққан суға тосқауыл болу үшін әр қабатта шелектер тұр. Әктасы түсе бастаған қабырғалардан уәде етілген жөндеудің иісі де шықпайды. Себебін білу үшін Білім басқармасына жүгіндік.

Дулат Жекебаев, қалалық Білім басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Мамандар «бұл мектепке күрделі жөндеу жасауға келмейді» деген шешім қабылдады. Бұл мектепке қайта құрылыс жұмыстарын жүргізу керек, яғни, реконструкция. Жай ғана күрделі жөндеу жасап, оқу жылында балаларды кіргізе салуға келмейді. 1 мен 4-сыныптағы балалар №16 мектепте, ал, қалған жоғарғы сынып оқушылары №56 мектепте оқиды.

«Барлық 1500 бала сапалы біліммен қамтылып, тарлық көрмейді», - деп сендірді Білім басқармасы. Алайда, ата-аналар мәселенің бұлай шешілгеніне көңілдері көншімей тұр. Кейбірі тіпті, балаларын сабаққа бермеуге бел буып отыр. Ал, 60 жылға жуық тарихы бар мектеп ғимаратында қайта құрылыс жұмыстары қашан басталатыны әзірге белгісіз. Білім басқармасы жоба-смета құжаттары әзірленіп жатқанын жеткізді. Тек анығы сол, елорда төріндегі бұл мектеп осы оқу жылында да жабық тұрады.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу