Биылғы Құрбан айт мерекесі Алматыда ерекше сипатта өтіп жатыр. Себебі, Айт намазынан кейін мешіттердің қасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Киіз үйлер тігіліп, намазға жиналған халық сол жерден дәм татты. 1000-ға жуық адамға дастархан жайылып, ас берілді.
Бүгін Айт намазына жиналған жамағат Алматының Орталық мешітіне сыймай кетті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан көпшілігі намазды мешіттің ауласында да оқыды.
Асылбек Орынбасаров, қала тұрғыны:
- Бүгінгі қасиетті Құрбан айт мейрамымен бүкіл қазақстандықтарды құттықтаймын. Баршамыздың отбасымызға, жанұяларымызға тек амандық тілеймін. Елімізге үлкен бір тауфиық, ғидаяатты мәңгілік ғұмыр тілеймін. Құрбан айтқа төрт көзіміз түгел, он екі мүшеміз сау, аман-есен жете берейік.
Намаздан соң қалыптасқан дәстүр бойынша құрбандық шалу рәсімдері басталды. Айта кетейік, биыл қалада құрбан шалу үшін 22 орын белгіленген. Онда арнайы дайындалған қасапшылар ғана халыққа қызмет етті.
Еркінбек Шоқаев, Орталық мешіттің Бас имамы:
- 22 орынның барлығында қасапшылар дайындалған. Қасапшылар арнайы семинар-тренингтерден өткен. Барлығы да дәріс алған. Біз оларға бір-екі апта бұрын арнайы курс өткіздік.
Биылғы Айт мерекесінің бір ерекшелігі – барлық мешіттердің қасында балаларға балмұздақтар мен тәттілер тегін таратылып, ойын батуттары тегін жұмыс істеді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Балуандар күресіп, білектілер қол тіресіп, епті жігіттер биік ағашқа өрмелеп сайысты. Ал, қара күшиелері қой көтеріп, сынға түсті.
Айт мерекесі мен құрбандық шалу рәсімі алдағы екі күн бойы жалғасады. Ал, Алматы қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілдері құрбан малын арнайы бекітілген орындардан сатып алуды ескертіп жатыр. «Бұл ең алдымен қауіпсіздік үшін маңызды», - дейді мамандар.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.