Оның міндеті - бизнес саласында әкімшілік кедергілерді болдырмау, инвесторлар мен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету.
Маусым айының басында аймақта өткен инвестициялық форумға қатысушылар жобалық кеңсе құру туралы меморандумға қол қойған болатын. Осыдан соң жұмысқа кіріскен жаңа құрылымға өтініштер түсе бастады. Мәселен, Меңдіқара ауданындағы шаруашылықтардың бірі ауыл әкімі жер телімдерін алып қоюға әрекеттенгенін жеткізді. Құзырлы орындардың бұл іске дереу араласуының арқасында әкімнің әрекеті заңсыз екені анықталды.
Александр Клмико, шаруашылық жетекшісі:
- Осындай меморандум болмаса, бізге мемлекеттік органдар көмек қолын созбаса, шаруашылық 10 млн. теңгенің сыртында зиян шегер еді. Мемлекеттік органдардың қолдауының арқасында әділдік салтанат құрды. Біз енді алаңсыз жұмыс істейтін боламыз.
Бұл Қостанайдағы МТЗ маркалы трактор құрастыру зауыты. Жылдық қуаты 3 мың техника дайындауға жетеді. Барлық желілері толық іске қосылғанда 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Инвесторлар жобалық кеңсе қызметі осы өңірде өндіріс орнын ашуға көмегін тигізгенін айтады.
Сәбит Қонысов, кәсіпорынның атқарушы директоры:
- Осындай қолдауды сезіну бізге сенімді түрде білек сыбанып іске кірісуге мүмкіндік берді. Жаңа индустриалды аймақтан жер телімін алып, зауыт ғимаратын тұрғыздық. Алдағы уақытта өндірісті дамытып, жұмысты жетілдіре түсуге еш кедергі жоқ.
Мамандардың айтуынша, жобалық кеңесінің жұмысы тек кәсіпкерлердің құқын қорғаумен шектелмейді.
Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігі облыстық департаментінің басшысы:
- Бірнеше сала бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі дайындалуы тиіс құжаттар санын қысқартуға нақты ұсыныс бердік. Неге десеңіз, мемлекеттік органдардың ортақ электронды база арқылы бұл жұмысты жетілдіруге мүмкіндіктері бар.
Облыстағы инвестиция тартуға байланысты осындай игі жұмыстардың оң нәтижесі де байқалады. Мысалы, қытайлық ірі компания қазір индустриялық аймақта теледидар шығаратын зауыт салу жобасын қарастырып жатыр.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.