Басты Жаңалықтар Ыстанбұлда «Ұлы даланың рухы» атты сурет көрмесі ашылды

Ыстанбұлда «Ұлы даланың рухы» атты сурет көрмесі ашылды

Ыстанбұл қаласында түркітілдес елдер суретшілерінің картиналары қойылған «Ұлы даланың рухы» атты сурет көрмесі ашылды. Көрмеге 16 қылқалам шеберінің 130-ға жуық туындысы қойылған. Олардың қатарында қазақстандық суретшілер Ерболат Төлепбай, Сейсенхан Маханбет және Батухан Бәйменнің де еңбектері бар. Көрменің ашылу салтанатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына қарасты Түркі әлемі суретшілер академиясының академигі деген арнайы төсбелгілер табысталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде әр елде өткізілетін көрменің биылғы тақырыбы «Шыңғыс Айтматовтың шығармалары». Ыстанбұлдағы көрме өнер сүйер қауым үшін үш күн бойы ашық болады.

Сұлтан Раев, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы:

Түркі әлемі сурет академиясының ең ардақты мүшелерінің көрмесін ұйымдастырдық. Сурет арқылы түркі мәдениетінің философиясын таныстырғымыз келді. Сондай-ақ түркі мемлекеттерінен келген азаматтарға тұңғыш рет академик атағын тапсырдық. Бұл түркітілдес суретшілердің халықаралық аренадағы беделін көтеру үшін жасалып отыр.

Сейсенхан Маханбет, қазақстандық суретші:

Осыдан үш жыл бұрын Бурса қаласында осы идея туындаған болатын. Түркі әлемі суретшілерінің көркем академиясын құру жөнінде идея болған. Бүгін ең алғаш рет түркі әлеміндегі алты елдің белгілі суретшілерін мүшелікке қабылдады. Түркі дүниесінде көркем өнердің жалғастығы әрі қарай жалғаса береді деп ойлаймыз. Мұндай дүние түркі әлеміндегі барлық мәдени интеграциясында үлкен өріс алады.
 

 

Бөлісу