Тараз қаласында Абай атындағы кітапханада алғашқы коворкинг орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз қаласында Абай атындағы кітапханада алғашқы коворкинг орталығы ашылды

12.07.2018

Орталық «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханаларының заманауи білім орталығы» жобасы аясында пайдалануға берілді. Бұл - бар ақпаратты тек ғаламтордан іздейтін бүгінгі қоғамда жастарды кітап оқуға қайта тартудың бір жолы болмақ. Қазір том-том кітап толтырылған кітапханаларға жастардың көбі кіре бермейтіні рас. Кітапханадағы алғашқы коворкинг орталығы осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған жоба. Заманауи жабдықталған, ғаламтор желісімен қамтамасыз етілген. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қолайлы жағдай жасалды. Оларға арналған арнайы ақпараттық білім беру орталығы да осы кітапханадан ашылды. Орталық енді жастардың жиналып, шығармашылықпен айналысатын орнына айналмақ. Бұл жерде түрлі шеберлік курстары ұйымдастырылып, түрлі білім беру семинарлары өткізіледі. Мұндай орталықтар алдағы уақытта өңірдегі барлық кітапханаларда ашылады деп жоспарлануда. 

Бақыт Тоқсанбаева, Тараз қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Негізі, коворкингтің өзі бірігіп жұмыс істеу дегенді білдіреді. Кез келген оқырман өзі немесе ұжымымен, достарымен келіп кітап оқи алады. Тек кітап оқып қана қоймай, басқа да қызықты шаралар ұйымдастырып, пікір алмасуларына болады.

Жазира Жидебай, оқырман:

- Елбасы «болашақта интернет баласынан кітап баласы озады», деп айтты. Сондықтан, жастарға жаңашыл бағытта жиналатын жер қажет. Осы коворкинг орталығының ашылғанына қуаныштымыз.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу