Түрік ұлтының өкілі Сердар Қылыш Қазақстанға 17 жасында келген
«Қазақ халқы ұлтыма, дініме, тіліме қарамай құшақ жая қарсы алды. Бұл жақсылықты мен де қазақ еліне адал қызметіммен қайтарамын». Түрік ұлтының өкілі Сердар Қылыш Алғыс айту күні қарсаңында қазаққа деген ризашылығын осылай жеткізді. Пайымынша, бүгінде байтақ даланы мекендеп жүрген кез келген ұлт өкілі бұл пікірімен ортақтасады, қолдайды.
Сердар Қылыш Қазақстанға 17 жасында білім қуып келген. 5 жылда бойына оқуды ғана емес, қазақ халқының салтын, мәдениетін, тілін қоса сіңірген. «Жат елге жалғыз келгеніммен, бірден бүтін елдің бір бөлшегіне айналғанымды сезіндім. Осы сезім Қазақстанда қалуыма себепкер болды», - дейді ол.
Сердар Қылыш, кәсіпкер:
- Жас кезімде келдім. 17 жаста. Сосын осында үйлендім. Балаларымыз бар. Қазақ халқы түрік халқына өте жақын. Сол үшін Қазақстанда қалдық.
«Қазақстанда кәсіп ашып, қызмет қылуым, ақша табудың емес, екінші Отаныма айналған Қазақстанда қалудың амалы», - дейді ол.
Сердар Қылыш, кәсіпкер:
- Құдай қаласа өміріміз Қазақстанда өтеді деп ойлаймыз.
Сердар әріптестерінің арасында да қадірлі, сыйлы. Қазақстаннан алған қолдауы мен жылуын айналасындағыларға адамгершілікпен, құрметімен қайтаруды өз міндеті санайды.
Әлия Асылбекова, Сердар Қылыштың әріптесі:
- Қиналған сәтімізде қолұшын береді. Білмей жатқан жерімізде көмектесіп, үйретіп жібереді. Бәрімізбен қазақша сөйлеседі.
Осылайша, бөтен елге бозбала болып келген Сердар қазақ халқынан көрген жақсылығына алғысты сөзбен емес, іспен жеткізіп жүр.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
