«Дипломмен ауылға!». Жас мамандарға сұраныс артуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дипломмен ауылға!». Жас мамандарға сұраныс артуда

28.02.2018

Ауылдың тыныс-тіршілігін жандандырған жас мамандар. Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданында «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында еңбек етіп, әр саланың дамуына сүбелі үлес қосып жатқан жандардың саны 100-ден асып жығылады. Мемлекеттік қолдаудың игілігін көргендер қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, 2017 жылы аталған бағдарлама аясында ауданға 22 жас келген. Өңірде білікті мамандарға деген сұраныс әлі де бар.

Гүлім Жәлелбекова - мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі. Семейдегі медицина университетінің түлегі. Білікті көз дәрігері. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін Павлодарда бірнеше жыл еңбек етіпті. 2013 жылы «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында Ақсуатқа келген. Қазір осындағы орталық ауруханада жұмыс істейді.

Гүлім Жәлелбекова, дәрігер-окулист:

- Ауылда да жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Оқығаннан кейін өз жеріңе келіп, қызмет еткеннің қандай жаманшылығы бар?! Ауылға келдік, жақсы. Көп мүмкіндіктер бар. Менен кейін де келіп, осындай игілігін көріп жатқан жастар бар.

Ауылға келгенде дәрігерге бір жолғы көтерме жәрдемақы берілген. Жеңілдетілген пайызбен несие рәсімдеп, баспаналы да болды. Жерлес дәрігердің ауылға келіп, еңбек еткеніне ақсуаттықтар да риза.

Шәрипа Семейбекова, Тарбағатай ауданының тұрғыны:

- Дәрігер жақсы, сыпайы, адамгершілігі мол. Дәрілерін жазып берді. Маған 1 айға дейін дәрі ішіп, тамызу керек. Одан кейін операция жасаймыз деді. Жас та болса, өте жақсы қарайды.

Ауылдық жерлерге жас мамандарды жұмысқа тартуды аудан атқа мінерлері жалғастыруға ниетті. Осы мақсатта Семейде жылда бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Қазірде ауданға 10-нан аса агроном қажет. Мектептерде математика, физика және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері жетіспейді.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

- 1-қыркүйекке қарай 50-ге жуық жас мұғалімді тартуымыз керек болып тұр. Үй алуға қаражат бөлініп тұр, ақша бар. Ауылда жол болып жатса, мектеп жақсы істеп тұрса, балабақша болса, ауызсу мәселесі шешілген болса, жастар келеді екен.

«Жастардың ауылға келіп, жұмыс істеуге ынталары жақсы», - дейді аудан басшылығы. Тіпті, Астана, Алматыда білім алып, туған жердің гүлденуіне атсалысып жатқандар бар. Бұл үрдісті ертеңгі мамандар да жалғастыруға ниетті.

Ержан Серікбеков, студент:

- Құрылысты көтеру керек деп Ақсуатқа шақырды. Өз ауылыма барып, құрылысты дамытпақшымын. Ол үшін мемлекетеміздің қолдауы бар.

Қазір ауданда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласында еңбек етіп жатқандар бар. Мұндай мамандардың саны қазір 100-ден асып-жығылады.

 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу