Жас мамандарға жағдай жасап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас мамандарға жағдай жасап жатыр

19.02.2019

Денсаулық сақтау министрлігінің жуырда өткен үлкен жиынында саланың ең өзекті мәселелерінің бірі кадр тапшылығы екені айтылды. «Оның шешімі жергілікті билік өкілдеріне байланысты», - деді. Осы орайда дәрігерлер тапшылығы мәселесін оңтайлы шешіп жатқан өңірлер де бар екен. Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданында жергілікті билік жас мамандарға жағдай жасау арқылы өздеріне шақыруда. Еңбек жолын ауыл, ауданнан бастаған жас маман үшін де бұл тәжірибе жинап, кәсіби шеберлігін шыңдауда жақсы мүмкіндік.

Біржан Байғалиев еңбек жолын Тарбағатай өңіріндегі шалғай ауылдан бастапты. Тәжірибесі сәл толысқан соң, аудандық ауруханаға ауысқан. Өмірлік серігі де медицина саласының маманы. Дәрігерлер отбасы мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болды.

Біржан Байғалиев, лор-дәрігер:

- Жұмыс жақсы, алған үйіміз жылы. Жолдасым да осы ауруханада жұмыс істейді. Менен басқа да жас мамандар бар. Олар да көтерме жәрдемақы, үй алып жатыр.

Біржанның айтуынша, тәжірибе жинап, білім-білігін ұштағысы келетін жас маман еңбек жолын ауылдан бастағаны жақсы. Бұл ойды емхана меңгерушісі Сәуле Жақужанова да растады. 10 жыл бұрын өзі де «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген.

Сәуле Жақужанова, Тарбағатай аудандық орталық аурухананың емхана меңгерушісі:

- Осы орталықта лор дәрігеріміз Біржан Байғалиевтің жұмыс істегеніне 2,5 жыл болды. Жұмысында жауапты, өзінің қызметін атқарып жүр. Науқастардан ол кісі туралы жақсы лебіз көп естиміз.

Соңғы 3 жылда Тарбағатай ауданына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 70-ке жуық жас маман келді. Оларды баспанамен қамту үшін бюджеттен 203 миллион теңге бөлінген.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

- Мемлекеттік бағдарлама арқылы биыл қомақты қаражат бөлінді. Былтыр 30 жас маманға үй берсек, биыл 50 адамға берейік деп отырмыз.

Баспанаға бөлінген ақшадан бөлек, ауылға келген жас мамандар көтерме жәрдемақы алады. Осы жобаның арқасында шалғайдағы елді мекендер дәрігер, мүғалім, мал дәрігері, мәдениет және спорт саласының мамандарымен толықты.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу