Жамбылда 500-ге жуық маман жұмысқа орналасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда 500-ге жуық маман жұмысқа орналасты

22.12.2022

Жамбылда жыл басынан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 500-ге тарта жас маман жұмысқа орналасқан. Олардың ішінде 300-ге жуығы мемлекет қолдауымен тұрғын-үй мәселесін де шешті. Жас мамандарға баспана алуға пайызы төмен несие беру үшін бюджеттен 1 млрд 293 млн теңге бөлінген. Өңірдегі әріптесім Нұрдос Болатұлы толықтырады.

Жас маман, математика пәнінің мұғалімі Елмұрат Жұмахан кезінде өзі оқыған мектепте сабақ береді. Байзақ ауданындағы Түймекент ауылына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша былтыр келген. Жоба шеңберінде көтерме жәрдемақы мен баспана алған.

Елмұрат Жұмахан, жас маман:

Жалпы ауылдағы жұмыс, ауылда білім беру өзім үшін қызық, өзім үшін өте тартымды. Яғни, осы ауылдың мүддесі үшін де алдағы уақытта өзімнің бала-шағам да ауылда білім алғанын, ауылда өскенін қаладым. Сондай-ақ, ауылдың адамдары мен балаларына сапалы білім беру үшін келдім десем болады.

Ал, Ғасыр Әлім Тараз қаласында біліп алып, Мойынқұм ауданына арнайы келген. Бүгінде Мағжан Жұмабаев мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.

Ғасыр Әлім, жас маман:

Мемлекетімізден жәрдемақы, жас мамандарға көмек бөлінді. Оны алдық. Осы дипломмен ауылға өзім жас маман болғандықтан үй алдым.

Мойынқұм ауданы облыс орталығынан ең шалғай орналасқан мекен. Бұрын мұндағы жастардың басым бөлігі жоғары оқуға түскен соң, ауылға келгісі келмейтін дейді мамандар. Алайда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында, туған жерге оралған жастардың қатары жылдан жылға артып келеді.

Баяхмет Шынжарбеков, аудандық экономика және бюджет жоспарлау бөлімінің басшысы:

Былтыр енді бізге 60 мамандай келсе, биыл одан 20 пайыздай өсіп отыр. Өсім бар, ауылдық жерлерге келуі мамандардың дұрыс деп есептеймін. Бізде маман тапшы. Көп келмейді. Әсіресе алыс аудан дейді Мойынқұм ауданы. Келген мамандарға біз қолдау көрсетеміз әрине.

Жамбыл облысында жыл басынан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 500-ге жуық маман жұмысқа орналасқан. Оның 283-і баспана алып, 473-не көтерме жәрдемақы төленген. Бөлінген қаржы 1 миллиард теңгеден асады. Ал келесі жылы жас мамандарға әлеуметтік қолдау ретінде баспанаға алуға несие беру үшін 1 миллиард 55 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Кредит алған мамандармен үш жақты келісім жасалады. Сол құжатқа сәйкес олар ауылдық елді мекенде кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу