Президент келесі жылдан бастап «Дипломен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды

24.09.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап «Дипломен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл жаңалықты білім алып жатқан жастар да, жергілікті билік өкілдері де құптап отыр. Өйткені қазір жас мамандарға берілетін көтерме жардемақы мен бюджеттік несие көлемі аз. Бағдарлама жарияланған алғашқы жылдармен салыстырғанда ауылды жерлерде үйдің бағасы да қымбаттап кетті. Сондықтан бұл жастардың ауылға баруына бөгет.

Ерасыл Тәңірібергенов «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 6 жыл бұрын Аягөз ауданындағы Шыңқожа ауылына келген. Мемлекет берген көтерме қаржыға, баспана сатып алған. Математика пәнінің мұғалімі, өз мектебінде беделді мамандардың біріне айналды. Өткен жылы ашылған ІТ сыныбында ауыл балаларына білім береді. Өзінің таңдауына риза.

Ерасыл Тәңірбергенов, математика пәнінің мұғалімі:

Мемлекет тарапынан «Дипломмен ауылға» бойынша көтерме жәрдемақы берді. Және үйдің ақшасын алдым. Осы ауылға өзімнің үлесімді қосқым келеді көркеюіне.

Ауылды көркейтуге үлес қосқысы келетін, Ерасыл сынды жастар көп. Алайда соңғы кезде мамандар «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы оңайшылықпен бара қоймайды. Өйткені, бұрынғы жылдармен салыстырғанда ауылды жерлердің өзінде үйдің бағасы екі есеге өсіп кеткен. Баспана алуға мемлекеттің берген қаржысы жетпей қиналып қалатындар көбейген. «Сондықтан, бағдарлама өз деңгейінде жалғасын табу үшін, жас мамандарға берелітін көтерме қаржы көлемін ұлғайту қажет», -дейді Аягөз ауданының әкімі.

Ділдәбек Оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

Өте бір жақсы бағдарлама. Бағдарламаны өзім ойлаймын енді. 4 миллион емес, 6-7 миллионға көтерсе. Бұл нұр үстіне , нұр болар еді. Себебі, қазір үйлер қымбаттап жатыр. Кейбір осы Аягөз қаласына жақын жердегі үйлердің өзі 5 миллионға дейін шығып кеткен үйлер бар. 6 миллионға шығып кеткен үйлер бар. Сонда ұлғайтқан кезде бұдан да жас мамандар келе бастайды.

Жалпы Биыл Аягөз өңірне 50 ден астам маман келгелі отыр. Статистикаға жүгінсек, мұның өзі аздық етеді. Сондықтан, келер жылы Президент тапсырмасы бойынша «Дипломмен ауылға» жобасына қосымша қаржы бөлінсе, жастардың жағдайымен қоса, ауылдың да тірлігі түзеліп қалар еді.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу