«Тұлпар-Тальгода» күзгі жеңілдіктер басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тұлпар-Тальгода» күзгі жеңілдіктер басталды

18.10.2017

 «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздарына күзгі жеңілдіктер басталды. Яғни, билет әлдеқайда арзанға түспек. Шойын жолмен жылдам жүйткейтін бұл пойызға қазір сұраныс көп. Оның үстіне тальгоның жүру бағыттары да кеңейіп жатыр. Сол себепті, жеңілдіктер жолаушылар үшін пайдалы сый болмақ.

Лаура Ізтілеуова тальгоны таңдайды. Себебі, жылдам, қолайлы әрі қалтаға да салмақ салмайды. Міне, Орал қаласына билет алып жатыр. Оған темір жол қызметкерлері тағы да жақсы жаңалық айтты.

Лаура Ізтілеуова, қала тұрғыны:

 - Мен Астана-Орал бағытымен билет алып едім. Көптен бері күткен бағыт еді. Бару уақыты едәуір қысқартылды. Қазір 25 сағат. Естігенім, тағы жеңілдіктер бар екен. Жақындарыма, туыстарыма айтып отырамын.

Күзгі жеңілдіктің арқасында билеттердің құны 25 пайызға арзандаған. Оның үстіне егер билетті уақытынан ертерек алсаңыз тағы жеңілдік бар. Тіпті, 50 пайызға жетеді. Тек, бұл ғана емес...

Айгүл Абуталипова, «Жолаушылар тасымалы» АҚ сату жөніндегі атқарушы директоры:  

 - Сонымен қатар, егер сізде дисконттық карта болса, қосымша түрде жеңілдік беріледі. Бізде бар дисконттық карталар «Жастар», «Құрмет», «Ардагер».

Дисконттық карталардың әр топқа байланысты жеңілдік проценттері әртүрлі. Ал, күзгі жеңілдік барлығына бірдей. Бұл акция жыл соңына дейін жалғасады.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу