Биыл Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына - 70 жыл. Осыған орай бүгін оқу ордасында «Қазақ аруы» субұрқағы бой көтерді. Салтанатты шараға шаһар басшысы Ахметжан Есімов қатысып, ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелейтін болашақ аналарға толағай табыс тіледі. Білім мен тәрбиені бірге ұштастыра отырып, ұлттық мүдені жоғары қоятын қазақ зиялы қыздарының бейнесін қалыптастыруға шақырды.
Ұлттық киімдегі қазақ қызының бейнесі сомдалған мына субұрқақтың биіктігі 5 метр. Қазақ қызы алақанына бейбітшіліктің символына айналған көгершінді қондырған. Тұғыры қазақтың білезік сынды әшекейлерімен әспеттелген. Ұлы ойшылдарының даналық сөздері айнала жазылған.
Динар Нүкетаева, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ректоры:
Біздің университетімізде 9 мыңдай қыз оқиды. Елбасы «бір ананы тәрбиелеу- бір ұлтты тәрбиелеу» деп айтқан болатын. Сондықтан да, қыздар - шаңырақтың шырақшылары, қыздар - болашақ ана, қыздар - ұлтымыздың мақтанышы, бары мен нары деп тәрбиелеп жатырмыз.
Қазір университет іргесінен 9 қабатты жатақхана салынуда. 450 аруымызға шақталған нысанның кірпішін қала басшысы Ахметжан Есімов қалады. Бұдан соң, жиылған көпшілік «Наурыз, төрлет төріме!» думанды кешін тамашалады. 40 жылдық тарихы бар «Айгүл» ансамблінің ән шашуымен сусындады.
Әсем Құдайбергенова, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, «Айгүл» ансамблінің әншісі:
Алғашында бәрі қызығып қарайды костюмдерімізді ұстап, қалайша қыздар бас гитара ұстайды, барабан ұрады деп таңғалып қарайды. Университетке келгелі 10 шақты жыл болады. Бірінші курстан осы ансамбльде жүрмін. Еліміздегі ұлттық тәрбиеге көңіл бөлген бірден-бір университет деп айтар едім.
Қыздар білім ордасының мерейтойы бұдан соң әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Наурызнама тойымен жалғасты. 80 жылдық тарихы бар қара шаңырақ бүгінде 20 мыңнан астам студент тәрбиелеуде. Бүгін сол шәкірттер университет ауласында ата-ғұрыпты қастерлеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтады. «Достық биін» билеп, елдегі татулық пен бірлікті ту етті.
Айгүл ЕРМАХАН