Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы - Әлжан Жармұхамедов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы - Әлжан Жармұхамедов

05.02.2018

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов 50 жылдан бері Мәскеуде тұрып жатыр. Әлжан Мүсірбекұлы - 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасында АҚШ-ты ұтқан Кеңес Одағының баскетбол құрама сапында болған спортшы. Жақында осынау тарихи жеңісті таспаға түсірген «Движение вверх» көркем фильмінің жарыққа шыққаны белгілі. Осыған орай, Ресейдегі Қазақстанның Елшілігінде әйгілі баскетболшымен кездесу өтті.

Әлжан Мүсірбекұлының бала кезде жаттаған тақпағы әлі есінде. Мәскеуде тұрғанына 50 жыл болса да, ол өзінің тілін де, ділін де ұмытқан жоқ. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, өз ұлтын мақтан тұтады. Сондықтан болар, «Движение вверх» фильмі оған жалпы ұнағанымен, кинокартинада өзінің қазақ екенінің айтылмағанына қынжылады.

Әлжан Жармұхамедов, Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы:

- Кинофильмде менің қазақ екенімді ешкім айтқан емес. Бірақ, туысқандарым менің қазақ екенімді білуі керек. Көп адамдар бұрын менің қазақ екенімді білмеді. Олар мені өзбек деп ойлады. Бірақ, енді олар қазақ екенімді біледі.

Әлжан Жармұхамедов Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Табақсай ауылында туған. Баскетболшы бұл күндері туған ауылына жиі барып тұрады. Алайда, жас күнінде атамекенге біржола қоныс аударуға талай мәрте талпынғанымен, онысы арман күйі қалды.

Әлжан Жармұхамедов, Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы:

- Мен қазір 73 жастамын. Бұл жаста климатты алмастыру қиын болады. Бірақ, жүрегіміз - Қазақстанда.

Фильмде Әлжан Жармұхамедовты әуесқой актер Александр Ряполов сомдады. Ташкентте туып, қазақ-өзбекпен араласып өскен кәсіби баскетболшы, «Мен үшін Олимпиада чемпионын ойнау жеңілдеу болды», - дейді.

Александр Ряполов, актер:

 - Кино түсірмес бұрын мен Әлжан Мүсірбекұлымен бір рет кездестім. Ол кісі өзі туралы ұзын сары шашты актердің ойнайтынын көргенде таң қалды. Бірақ, сосын режиссерлер «Актердің шашының түсін бояймыз» деп әйтеуір оны көндірді. Мен Әлжан Жармұхамедовтен оның өмірі туралы, командадағы ойыншылармен қарым-қатынасы жайлы сұрап, сөйлеген сөзін, мінезін біраз зерттеуге тырыстым. 

Әлжан Мүсірбекұлымен кездесуге қазақ дипломаттары мен диаспора өкілдері ғана емес, Ресейдегі Армения, Австрия, Түркіменстан және Қырғызстан Елшілігінің қызметкерлері де келді. Кеш барысында олар Олимпиада жеңімпазына түрлі сауалдар қойып, емен-жарқын әңгімелесті. 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу