«Спортшылар елге абыроймен оралады». Сочиде Мемлекет басшысымен кездескен Ұлттық құрама мүшелері Елбасына осылай деп уәде берді. Президент бүгін Сочиге ұшып барған бойда отандық спортшылармен кездесіп, ел үміт артып отырған ұландарға жеңіс тіледі. Ал, спортшылар Нұрсұлтан Назарбаевқа Ұлттық құраманың естелік медалін табыс етті.
Жайнагүл Төлеміс, тілші:
Тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай Қазақстан Ұлттық құрамасы Қысқы Олимпиада ойындарына бес мәрте қатысты. Қанжығамызда алты медаль бар. Бірақ алтын жалғыз. Шаңғышы Владимир Смирнов сонау 1994 жылы Лиллехамерден алғашқы алтынды әкелген еді. Содан бері жиырма жыл өтсе де, жерлесіміздің ерлік жолын қайталаған ешкім жоқ.
2002-2006 жылдары да спортшылар Олимпиададан құр алақан қайтты. Тек 2010 жылы ғана Елена Хрусталева кеудесіне күміс тағып оралған еді. Бұл жолы биатлоншы қыз арық сөйлеп, семіз шыққанды жөн көрді ме, Ванкуверде 10 қарсыласым болса, бұл жолы 20, тағы талантын бүгіп жатқан 10 мықты - жиыны отыз қарсыласым бар, деді.
Елена Хрусталева, биатлоншы:
Өткен жолғы жеңіс жолымды қайталай алам ба, жоқ әлде артық не кем түсем бе оны ойын ғана көрсетеді. Мұнда тек лайықты ойын өрнегін көрсетемін деген ниетпен келіп отырмын.
Ұлттық құрамада шаңғышылар мен биатлоншылардың қарасы көп. 11 шаңғышы жолдаманы жеңіп алды. Биатлоншылардың саны да - осы шамада 10 адам.
Шаңғышылардың көшін бастайтын тәжірибелі спортшы - Алексей Полторанин. Ер кезегі үшке дейін. О баста Туринде, кейін Ванкуверде жүлделі үштікке іліге алмаған спортшы бұл жолы сәтін салса, құр қол қайтпас.
Алексей Полторанин, шаңғышы:
Олимпиада ойындарына үшінші рет қатысқалы тұрмын. Бірақ, бұл менің соңғы Олимпиадам емес, ең сәтті сайысым болады. Ванкуверде жеңіске дайын емес едім. Енді жүлдегерлер арасынан көрінетін кез жетті!
Бүгін Сочиде Ақ Олипиаданың ашылу салтанатына қатысатын Мемлекет басшысы Ұлттық құрамадағы таңдаулы топпен жүздесті. Ертеңгі сайыстарда саңлақтардың басты жанкүйері - елі, Елбасы. Іріктеу сындарының алдында спортшыларды жеңіске жігерлендіру үшін мұқым елдің сенім артып отырғанын сезірдіре білу керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жолдаманы жеңіп алып осында келгендеріңіздің өзі жеңіс. Сайысу оңай болмайтынын да білемін. Барлық қазақстандықтар он жеті миллион адам өздеріңізге қарап, жанкүйер болып отыр. Лондон Олимпиадасындағы жеңістерден кейін халық сіздерден көп үміт күтеді. Біз сол жеңіс арқылы барлық спорт әлемінің назарын өзімізге аудардық. Сондықтан, аянып қалмаңыздар.
Бүгін Алексей Полторанин Мемлекет басшысына Ұлттық құрамының естелік медалін табыс етті. Бұйырса, бұл сыйлық «медальдің басы ғана» . Споршылар елге абыроймен ораламыз деп уәде берді.
Тәжірибелі споршылармен қатар бұл құрамда бұрын көп аты атала қоймаған жастардың да қарасы көп. Олар да топ ішінен қара үзіп шығып, күтпеген жерден жүлде әкелуі мүмкін. Өйткені, Олимпиада тосынсыйға толы дода.
Қазақстан 2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер. Жаңа медаль сол жеңіске де бір қадам жақындатар еді. Бұл жөнінде Президент Ресейдің «Россия 1» телеарнасына берген сұхбатында баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің қарсыластарымыз мықты - Ресей, АҚШ, Норвегия, Австрия. Сондықтан, барымызды салып бағамыз. Бізде Медеу, Шымбұлақ өзге де Қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізетін нысандар бар. Споршыларды дайындауға да барымызды салдық. Оның үстіне - 2017 Қысқы Универсиаданы, 2022 жылы Алматыда Қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткерміз. Бізде жеңімпаз болуға ынта-жігер, барлық мүмкіндік бар.
Бүгін Сочидің олимпиадалық саябақтағы қазақстандықтарға арналған үйде Мемлекет басшысына EXPO көрмесі, «Қысқы Универсиада», «Қысқы Олимпиадаға» дайындық барысы баяндалды. Бұл көрме енді Халықаралық олимпиадалық комитет мүшелеріне таныстырылады.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС