Басты Жаңалықтар Атырау облысындағы «Балқұдық – Сүйіндік» тасжолы 2028 жылы жөнделеді

Атырау облысындағы «Балқұдық – Сүйіндік» тасжолы 2028 жылы жөнделеді

Атырауда облыстық маңызы бар Құрманғазы-Асан-Балқұдық-Сүйіндік жолы әлі салынбай келеді. «Көктемде балшық, жазда құм» жүргізбейді. Облыс орталығы түгілі аудан орталығына жету мұң дейді жұрт. Сондықтан ауыл халқы дәрігерге көріну үшін Ресейге баруға мәжбүр. 
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Көктемде бұл жермен көлікпен жүру ерлікпен пара-пар. Өйткені қар суы еріп, мына жердің барлығы ми батпаққа айналады. Ал қыстыңгүні жолдың барлығын қар жабады. Жаздыгүні жағдай тіптен басқа. Жүргізушілер сапарға түнде немесе таңда шығады. Өйткені бұл топырақ күндіз қатты ысып, сұйылып жүруге кедергі келтіреді.
Көз ашқалы көрген бейнет осы дейді көлік жүргізушісі Еркебұлан Өтемісов. Ауыл тұрғындары «тас жол салмаса да, ең құрығанда ай сайын жолды құмнан тазалап тұрса деп налиды.
Еркебұлан Өтемісов, Сүйіндік ауылының тұрғыны:
Балшық кезде мысалы үшін аудан орталығымен Сүйіндік ауылына жолда құмайтты жер де бар, сазды жер де бар. Жаңбыр, балшық кездерде өте қиын болады, сол сазды жерлерге түскенде. Енді құм жер құмайтқой и так. Қызыл балшық болады. Кез-келген автокөлікке жүру қиын.
Болатбек Есенбаев, Сүйіндік ауылының тұрғыны:
Сүйіндік пен Ганюшкино ортасы қиын өте. Үлкен кісілеріміз бар. Осы жол жүрсе дейміз. Районға документ, басқа да шаруалар болғасын барамыз амал жоқ.
Сүйіндік ауылы аудан орталығынан 282 шақырым шалғайда орналасқан. Оған дейін бір жапырақ асфальт жоқ. Ең сорақысы тұрғындар дәрігерге қаралу үшін көрші Ресей еліне қатынайды. Ал жүкті әйелдер босануға аудан орталығына 2 ай бұрын кеп жатады. Қалтасы көтеретіндер Ресейдің Харабали қаласына барады.
Жанаргүл Аманғалиева, Балқұдық ауылының тұрғыны:
Жол өте нашар ғой. Сау адам әрең жүреді шыны керек көліктің ішінде. Сондықтан аяғы ауыр әйел адамдар жолдың қиындығына байланысты бас тартып, Ресей жеріне барып босанып жатады. Солардың бірі болдым мен де.
Биыл Сүйіндікке қатынайтын жолдың 36 шақырымын жөндеу жоспарланған. 5 млрд теңге қаражат бөлінген. Жыл аяғына дейін 10 шақырымына асфальт төселіп, келер жылы толық аяқталуы тиіс.  

Нұржау Маратов, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

36-180-ші шақырымына сметалық құжаттамасы жасақталуда. Жыл соңына дейін оң қорытындысы алынып, 2026-да жұмыстарды бастау көзделіп отыр. 282 шақырымды кезең-кезеңімен жүзеге асыру арқылы 2028 жылы толықтай Балқұдық – Сүйіндік өңірлерін асфальтпен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Жалпы облыс бойынша биыл 250 шақырым жол жөнделеді. Бұған облыстық бюджеттен 51 млрд, республикалық бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген. Ал қала, ауыл ішілік жолдарды жөндеуге қаржы трансферт арқылы бөлінбек.  


Бөлісу